Электрлі самокат тізгіндеу құқық жағынан реттеліп жатыр

Электрлі самокат тізгіндеу құқық жағынан реттеліп жатыр

Елімізде электрлі самокаттардың қозғалысы заңмен реттелді.

Мәжіліс депутаттары бүгін осындай заңның жобасын қабылдады. Ережеге сәйкес, электрлі самокат иелері жаяу жүргінші жолымен қозғалса, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Ал автожолмен жүру үшін міндетті түрде 18 жастан асқан және кез келген санаттағы көлік жүргізуші куәлігіне ие болуы шарт. Шлем, арнайы киім киюі міндеттеледі. Самокатшы сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен шектеусіз жүре алады. Өзімен жүк немесе жолаушы тасымалдауына тыйым салынады. Егер электрлі самокат тізгіндеуші жылдамдықты асыратын болса, 3 немесе 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Депутаттардың айтуынша, бұл талаптар жаяу жүргіншілердің жолдағы қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге ықпал етеді. Алайда заң әлі де қатаңдатылуы мүмкін.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір жаяу жүргіншілер мен электрлі самокат жүргізушілері бір санатта қарастырылады. Оларға сай ешбір норма жоқ. Сондықтан біздің бастапқы мақсатымыз осы электрлі самокаттарды құқықтық алаңға енгізу болды. Заңның қолданысқа енгенінен кейін тиімсіз тұстарын байқасақ, реттеуші механизмдерін өзгертіп, жарты немесе 1 жылдан кейін қайта қарастырамыз. Бұл - реттеудің бірінші кезеңі.