Егер үйде бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз.
Қанша жерден бақылап отырсаңызда, сіз алшақтап кеткен бір секундтың өзі балаңыз үшін қауіпті болуы мүмкін.
Қорғаныш құралдарына да толық сенуге болмайды. "Ең алдымен терезеден төнген қауіпті балалардың санасына сіңіру керек", - дейді мамандар.
Бекзат Аманов, тілші:
- Біз қазір елордадағы тұрғын үйдің 3 қабатында тұрмыз. Бірнеше күн бұрын осы жерден 2 жастағы қыз жерге құлап кеткен еді. Ол терезенің маңында ата-анасының қарауынсыз қалған. Арты қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін еді. Абырой болғанда жақын маңдағы көршілер өрімдей қыздың өмірін аман алып қалды. Қазір елде терезеден құлаған бүлдіршіндер саны күн санап артуда. Себебі далада күн жылып, тұрғындар терезесін ашық қалдыратын болды.
Иә, баланың көңілі далада. Ал дала ашық терезенің арғы жағында тұр. Оны бүлдіршін түсінеді. Түсінген соң көргісі келеді. Осыдан балконға шығады, терезеге телміреді. Кейбірі москиттік торға сүйеніп тұрады. Мамандардың айтуынша, дәл осы торға сеніп, орға түскен бүлдіршін көп. Бірақ бұл қауіптің алдын алуға болады. Қазір елде терезеге арналған қорғаныш құралдары сатылады. Құны 20 мың теңгенің төңірегінде тұратын темір тор ауыр салмақты оңай еңсереді. Әрі үйдің келбетін де бұзбайды.
Нұрлан Тасығожин, кәсіпкер:
- Алюминий торлар 50-60 кг ұстайды,е ешқандай бала сындыра алмайды. Тек үлкен кісі майыстырып аша алады. Ал бала оны аша алмайды. Көзге көрінбейтін 100-ден аса кг ұстайды. 9 жыл болды істеп жатырмыз, жылдан жылға сұраныс көбейіп жатыр бізде.
Бірақ қорғаныш құралдарына толық сенуге болмайды. Ең алдымен терезеден төнген қауіпті балалардың санасына сіңіру керек дейді мамандар. Психолог Александр Рущуктің айтуынша, қатерді балаға қорқытып алмай, байыппен жеткізу керек. Ол үшін мультфильмдерді көрсетуге да болады.
Александр Рущук, психолог:
- Балаға бас салып ұрысу немесе күшпен түсіндіру дұрыс емес. Тыйым салуды да құптамаймын. Себебі шектеу болған жерде қызығушылық болады. Оның орнына бүлдіршінмен сөйлесіп, оның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру керек. Осындай жағдайға арналған мультфильмдер бар. Соны көрсетуге болады. Сондай-ақ мысал ретінде түсіндірсеңіз де бала ұғар еді.
Сондай-ақ мамандар кішкентай балаларды мүлдем жалғыз қалдырмау керек дейді. Жиһаздарды терезеден алыс қойып, оған тұтқа құлып орнату ұсынылады. Ал баланы терезе алдынан көрсеңіз, оны мықтап ұстап, жылдам қимылға дайын болған абзал. Алақан құрғақ болуы керек. Терезе ашылды дегенше, төнген қауіпке дайын болған абзал. Бұл ең алдымен бүлдіршіннің денсаулығы үшін маңызды.
Авторлары: Бекзат Аманов, Мейрам Жүнісов
