БҚО-да киіктен шаруалар зардап шегуде

Батысқазақстандық шаруалар әсіресе Казталов, Жәнібек, Жаңақала аудандарының тұрғындары соңғы жылдары мал азығын әзірлеуде қатты қиындық көріп жүр.

Қаптаған қалың киік жайылымдарды таптап, шабындықтардың шаңын шығарып кетеді екен. «Бұлай бола берсе, болашақта төрт түлікті сатып, қалаға көшуге мәжбүрміз», - дейді ауылдағы ағайын.

Өткен ғасырдың 80 жылдары БҚО аумағында 400 мыңдай киік болған деседі. Алайда адамдардың ашкөздігі мен түрлі індеттердің салдарынан сол қаптаған киіктердің 2-3 мыңы ғана ғана біздің ғасырға аман жетті. Бұлай кете берсе, келер ұрпақ киікті тек кітаптан көрерін түсінген үкімет 2003 жылы арнайы қаулы қабылдады.

Нәтиже жаман емес. Былтырғы санақ киік саны 800 мыңнан асқанын айғақтаса, биыл бұл көрсеткіш 1 млн жарымға жуықтады деген болжам бар. Оған қазіргі төлін қоссаңыз 3 миллионға барып қалуы ықтимал. Сонда қорғауға алынған 20 жылда бөкен басы мың есе өсіп тұр. Дала еркелерінің көбеюі қуанышты жайт болғанымен, ауылшаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде.

Мұрат Мұхамбетқалиев, Ақоба ауылының тұрғыны:

-Тек қана жеп қоймайды, жатқанда қазып-қазып үлкен шылапшын секілді ойып, салқынға жетіп жатады. Ал сол шұңқырға 4-5 жылға дейін шөп шықпайды. Болашақта осылай етіп көбейетін болса халыққа мал ұстау қиынға соғады. Көбі өліп жатыр, не аурудан өліп жатқанын ешкім білмейді. Бұның ешкім сүйегін жинамайды, неше түрлі ауру тарап жатыр.

Жәнібек ауданында кезінде егіс алқаптарының аумағы 200 мың гектарды құраған. Ал қазір мың гектарға жетпейді. Себебі киік тыным бермейді. Қамыстылық  Бейбіт Дауымов 200 гектар жерінің жан-жағына ор қазып, электробақташымен қоршапты. Оның бәрі қып-қызыл шығын.

Бейбіт Дауымов, диқан:  

- Бір айналып шығуға былтыр мысалы мен 1 млн 200 мың жұмсадым. Соның жартысы пайдасыз болды. Былтыр егіннен 4 центнер алдым. Жоспар бойынша 15 центнер алам ба дегем. Көбісін тапап кетті. Жейтінін жеді. Болашақта мына субсидия берсе, онда жақсы етіп қоршауға болады ғой. Сосын киік жүре берсін.

Сағынай Нұрмұханов, шаруа қожалығының басшысы:

- Фермер ешкімге керек емес, малы да керек емес. Азықтық база болмағасын, қыста төл алмағасын, кредитін қайтара алмағасын ондай еңбектің қажеті қанша.  Біздің Таловта білетін болсаңыз 200 үйдің 60-ы бос тұр. Жаңағыдай президент айтып жатыр ғой, шекарадағы елді мекендерді ұстау керек, сол жерге көмек беру керек деген керек деген жағдайды.

Дәл қазір миллиондаған киік Жәнібек ауданындағы 3 округте төлдеп жатыр. Шабындыққа шалғы түскенше, танаптардың тоз-тозын шығарар түрі бар. Киіктен зардап шегіп жатырмыз деп шаруалар шырылдағалы 4 жыл. Ешкім құлақ асар емес. Мал азығынан да көмек жоқ, жерлерін қоршауға да демеуқаржы қарастырылмаған, өтемақы да төленбейді. Жауапты министрліктер жолдарға экодук салу, қасқырды көбейту, бөкенді басқа жаққа айдау секілді қияли жобалардың жетегінде жүр. Ендігі үміт Астанада 25 мамырда халықаралық сарапшылар қатысатын консультативтік кеңесте.       

Бауыржан Сабанов, киікке қатысты жұмыс тобының мүшесі:

- Астанаға барғанда айтамыз. Негізгі ұсынысымыз резерватты үкімет қоршау керек. Қаражат болсын, инвестор болсын 600 мың гектар жерді қоршауға үкіметтің жағдайы келеді деп есептейміз, біз мал азығымен көмектесейік киікке керек болса. Сол жаққа қарай үкімет сатып алсын тапсырыс ретінде. Етін де пайдалануға болады, мүйізін де пайдалануға болады. Ол қазағымның қазынасы болғасын, бизнес-жоба ретінде ұйымдастырса, істеуге болады деп ойлаймын.

Ғалымдардың есебінше киік күніне 6 келідей шөп жейді. 80 түрлі өсімдікпен қоректенеді. Бір бөкенге15 гектар керек. Қарапайым қисынға салғанда миллион киікке 15 млн гектар қажет деген сөз. Ондай бос жер өңірде жоқ. Сондықтан бөкен басын реттеу мәселесі күн тәртібінен түспесі түсінікті.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э. Аюпов