loader


Қостанайда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Бұл жолғы шара жоғары оқу орны мен колледж студенттеріне арнап ұйымдастырылды.

Жүзден аса кәсіпорын және мемлекеттік мекеме білікті де, білімді мамандарды қызметке қабылдады. 

Жастар сарайындағы жәрмеңкеге биыл оқу бітіретін мыңдаған студент келді. Солардың бірі - Дархан Зәйіт. Болашақ мұғалімнің арманы мамандығына сай жұмыс табу. Сол себепті шарадан күтері көп.

Дархан Зәйіт, колледж студенті:

- Мен ауылдан жұмыс іздеп жатырмын. Өйткені маған үй береді. Үстемақы береді және жеңілдіктер береді. Былай қазір қарап жатырмын.

Өз кезегінде жұмыс берушілер қызмет іздегенге жайлы жағдай ұсынуға дайын. Әсіресе ауылды таңдағандар ұтылмайды.

Жауынбай Чистобаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздегі жұмыскерлер бәрі қартайып қалды. Бізге жас жұмыскерлер керек. Үй береміз. Жалақысы енді ең аз дегенде 200-400 мың уақытында төлейміз.

Биылғы жәрмеңкеде түрлі мамандықты қамтыған 3200 бос жұмыс орны ұсынылды.

Абылайхан Кәкенов, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің ойымызша бұл алаң арқылы кем дегенде 20-30 процент бос орындарды қамтимыз. Инженер мамандар, құрылыс саласындағы мамандар, механизаторлар жетіспей жатыр. Жүйелі түрде өңірдегі білім, денсаулық саласында тапшылық бар.

Жалпы аймақта жас мамандарды сан салада қолдау дұрыс жолға қойылған. Биыл кәсіп ашуды қалағандар 200-ден астам грантқа қол жеткізеді.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Жастар бастамасы бағытында 180 жоба жүзеге асырылады. Бұған жергілікті қазынадан 900 млн теңге қарастырылады. Несие 2,5 процент мөлшерлемемен беріледі. Одан қалды жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге 2 млрд-тан астам теңге бөлінеді.

Облыс бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әр үш ай сайын өтеді. Жыл соңына дейін осындай шаралар арқылы 42 мың адамға жұмыс табу жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров