Jetisu Digital ақпараттық технология хабы ашылды

Талдықорғанда «Jetisu Digital» IT хаб орталығы ашылды.

Ол жерде технология саласына ден қойған жастар білім алып, сан түрлі жоба мен бағдарлама  жасайды. Игі бастама мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде орталықтың ашылу салтанатына қатысты.

ІТ хаб орталығында жастар мен жасөспірімдер сайт жасауды, мобильді қосымша дайындауды үйренеді. Білімгерлерге халықаралық деңгейдегі мамандар сабақ береді. Әрі стартап идеяларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

Әсел Құлынтаева, "Astana Hub" орталығының аймақтық менеджері:

- "Ноу код лоу код", "стартап академия" сынды курстарды оқу арқылы өздерінің жобалық жұмыстарын арық қарай алып шыға алады. Яғни олар тоқтамайды. Бір жобадан бір млн жоба ұтса одан ары қарай жалғастырады. Яғни олар нарыққа шықпайынша біз оларға көмектесеміз.

Бұл салаға өскелең ұрпақтың қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары түрлі құлтемірлерді құрастырып, бірқатар байқауда жеңіске  жеткен.  Министр жас өнертапқыштардың робототехникасымен танысты.

Министр журналистермен кездесті 

Сонан соң Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйіне барды. Тілшілермен жүздесіп, қалам ұстаған қауымның құқықығын айқындайтын заң жобасы әзірленгенін айтты. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- МАСС медиа туралы заңды енгізіп жатырмыз. Қазір тиісті құрылымдар қарап жатыр. Ол жерде журналистің мәртебесін көтеру, блогер мен журналистің бір емес екенін көрсету біздің мақсатымыз болды. Жаңа заңдар соны реттейді деп ойлаймын. Бұл шектеу емес реттеу. 

Жетісу облысының еріктілері жыл басынан бері 900-ден астам қайырымдылық шараға ұйытқы болған. Волонтерлік пен қоғамдық ұйымдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ұлттық идеологияға қатысты мәселелер көпшілікпен кездесуде көтерілді. Министр атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың сұрағына жауап берді.  Жеке қабылдау да өткізді.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Ақпараттық қолдау көрсету, азаматтық қоғамның дамуына, жаңа технологияның дамуына, инклюзивті қоғамды дамыут дін саласына қатысты өзекті сұрақтар қойылды. Айтылған мәселелердің барлығын өзімізге түртіп алдық. Бұлардың барлығы жұмыс барысында ескеріледі. 

Талдықорғандағы жұмыс сапарын қорытындылаған Дархан Қыдырәлі «Zhetysu Digital» жобасы министрлікпен «Астана хаб» халықаралық технопаркінің бірлескен бастамасы екенін атап өтті. Енді мұндай орталықты өзге өңірлерде де ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов