Солтүстікте егін егу науқаны басталды

Солтүстік Қазақстан облысында егін егу науқаны басталды.

Биыл аймақта 4,5 миллион гектар алқапқа тұқым себіледі. Дала жұмыстары маусым айының басында аяқталуы тиіс.  Себебі диқандар жанар-жағармай мен тұқым қорын ерте  қамдап алған еді.  Ала жаздай алқапты баптап, ел қамбасын астыққа толтыруды ойлаған шаруалар биыл өнім көлемін арттыруды мақсат етіп отыр.  

Жердің тоңы жібіп, диқандар қауырт жұмысқа кірісті. Тегеурінді техникалар алқаптарға түрен салды. Осындай кешеннің бірін Евгений Джу тізгіндеді.

Евгений Джу, механизатор:

- Техникамыз жаңа әрі автоматтандырылған. Онымен төртінші жыл еңбек етудемін. Көңіл күйіміз керемет. Себебі жұмысымыз алға басуда. Жалақымыз да жақсы. Тұрақты түрде алып тұрамыз.

Ризығын жерден табатын диқандар үшін қазір әр күн қымбат. Сондықтан шаруалар оны тиімді пайдаланып жатыр. Кейбірі тұқымның жаңа түрін себуде.

Виталий Заика, "Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірбиелік станциясы" ЖШС директорының м.а:

- Омбылық ғалымдармен бірлесіп «Семёновна» деген бидайдың жаңа түрін ойлап таптық. Енді оны тәжірбиеге енгізіп жатырмыз. Ол құрғақшылыққа төзімді. Бастысы, мемлекет тарапынан қолдау бар. Минералды тыңайтқыштармен техника алуға субсидия берілді.

Өңірге Үкімет тарапынан арзандатылған  дизель отыны бөлінді. Оның бір литрі шаруаларға 224 теңгеден сатылды. 

Мейрам Меңдібаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта шаруашылықтар 70 мың гектарды септі. Соның ішінде зерновой, зернобобовый 41 мың гектар көлемі болады. Майлы дақылдар 26 мың гектарға егілді. Минералды тыңайтқыштардың  30 мың тоннасы жерге енгізілді. 

Астықты аймақта 4,5 миллион гектарға ырыс дәні себіледі. Оның басым бөлігі бидай. Сәтін салса көктемгі дала жұмыстары маусым айының басында аяқталады деген жоспар бар.

Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков