Ақтөбеде отбасылар арасында «Махаббат марафоны» өтті

Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған сайыста ерлі-зайыптылар күш сынасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салауатты өмір салтына берік әуесқой спортшылар 2,5 шақырымды еңсеруі тиіс. 

Отбасылық марафонға қатысуға елімізге белгілі спортшылар Саламат пен Алма Отарбаевтар да келген. Дзюдо күресінен Бейжің олимпиадасына қатысқан палуан мұндай сын-сайыстардан шет қалмауға тырысады. Себебі балаларға үлгі болып, жол көрсету қажет, - дейді. Бүгінгі жарыста да ұл-қыздары қолдау көрсетіп, ата-анасымен бірге жүгіріп өтуге ниетті.

Саламат Отарбаев, қала тұрғыны:

- Қазір балаларымызды осы спорт саласына баулимыз. Артымыздан балаларымыз спортпен шұғылданамыз, осы спортпен айналысып, біз жетпеген жетістікке балаларымыз жетсін деп соған үміттенеміз. Бәрі де спортпен шұғылданады. 2 үлкеніміз – қыз бен ұлым дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер атағын жақында қорғады.

«Махаббат марафонында» сөреге 32 отбасы шықты. Триатлон саябағын айнала 2,5 шақырым жүгіріп өтуі тиіс. Мәре сызығын қол ұстаса кескендерге ғана жүлде тағайындалған.

Ләззат Оразбаева, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Бұл жерде жас категориялары да есептеліп отыр. 35 жасқа дейін, 45 жасқа дейін, 45-тен жоғары деген сияқты. Енді керемет мерекелік шара.

45 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бәсекеде бірінші орынды Саламат пен Алма Отарбаевтар иеленді. Барлық жүлдегерге бағалы сый-сияпатты қоғамға еңбегі сіңген, өңірге танымал отбасылары табыстады. Ұрпақтар сабақтастығы ұштасқан «Махаббат марафоны» өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды.

Авторлары: Мансур Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.