Шымкентте Рartners Media Group компаниясының ерекше форматтағы отбасылық сауық кеші өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұйымдастырушылар ұмытылмас әсер сыйлау үшін түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұсынып, жұлдызды қонақтар шақырды.
Сауық кешін «Quryltai» командасының DJ-лері ырғақты әнмен әрлеп, жағымды әсер сыйлады. Отбасылық форматта ұйымдастырылғандықтан жазғы пикник алаңына келушілердің жасына шектеу қойылмайды. Балалардың көңілін аулайтын аниматорлар мен жастарды шынайы эмоцияға бөлейтін шоу программалар да ұсынылып жатыр.
Тұрғындарға ерекше тарту ашық алаңда ұйымдастырылған. Сондықтан кеш қонақтары қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып отпен де өнер көрсетті. Ал әсерін әлеуметтік желіге бөлісуді қалайтын жастар үшін фотоаймақтар құрылған. Тегін тағам, тәтті сусыннан да қалауыңызша дәм татуға болады.
Көркем Үсіпәлиева, қала тұрғыны:
- Өте керемет болып жатыр. Керемет хедлайнер келді. Асхат Принц деген. Соның өлеңдері үшін келдік және де бұл жердегі атмосфера өте мықты. Менің көптеген достарым да келді. Маған өте қатты ұнап жатыр.
Азамат Төленов, қала тұрғыны:
- Негізі өзім бірінші рет келіп тұрмын. Өте қызық, керемет шығып жатыр. Жастарға әсіресе ұнайды. Ойлағаным, осы жерде жазда тағы да бірнеше рет ұйымдастырылса. Өйткені комьюнити нетворкингті жақсы көрсетеді екен.
Бұл жолғы пикниктің басты тақырыбы – махаббат. Жастардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін оятып, достық қарым-қатынасын нығайтқымыз келеді, - дейді ұйымдастырушылар.
Константин Герлих, Partners Media Group атқарушы директоры:
- Мұндай шара жыл сайын ұйымдастырылады. Бұған дейін жылына бір рет қана Алматы қаласында өткізіп келдік. Ал биылғы жылы пикниктің ауқымы кеңейіп, 6 рет гастрольдік сапарға шығу жоспарланды. Мақсатымыз – жастардың өзара достық қарым-қатынасын арттыру.
Ерекше демалыс пен ұмытылмас әсер сыйлауға бекінген ұйымдастырушылар Шымкенттен соң Ақтау, Алматы, Астана қалаларына гастрольдік сапарға шықпақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.
