Түркістан облысында ескі саябақ жаңғыртылады

Жетісай қаласындағы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген орталық саябақ жаңғыртылатын болды.

Бірнеше жылдан бері шөп басып, күтімсіз қалған еді. Енді жөндеу жұмыстары басталды.

Жетісайлық Бірханым мен Ақбота 9 сыныпта оқиды. Құрбылар орталық саябаққа серуендеуге келген. Алайда аяқ созып отыратын бірде-бір орындық жоқ екенін айтады. Аяқжолдың барлығын шөп басып, қараусыз қалғанына алаңдайды. Немере бағып үйде отырған зейнеткерлер де «жөндеу жұмыстары тезірек аяқталып, саябақ іске қосылса» деген тілектерін жеткізді.

Бірханым Темірхан, оқушы:

- Көбіне жағдай жасалмаған еді. Осы жерде жүруге де ыңғайсыз еді. Ойын-сауық орталықтары салынайын деп жатыр деп күтілуде. Осы жылдың соңына дейін салынып бетсе, осында келіп демалсақ. Отыруға ыңғайлы жерлер ашылса деп ойлаймын.

Сейсенкүл Серғазиева, Жетісай қаласының тұрғыны:

- Тозған енді соны жөндеп жатқанын көріп, қуанып жатырмыз. Немерелеріміз ойнаса келіп, осы қалада тұрамыз ғой енді. Ішін жақсылап жасаса бізге, балаларға ыңғайлы болар еді. Зейнеткерміз ғой, тынығып, балалармен анйалып кетер едік.

Мұнда өткен жылы 140 орындық спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Алайда қаржы толық бөлінбегендіктен жұмыс тоқтап қалған еді. Жалпы жоба құны 875 млн теңге. Тиісті қаржы биыл қаралып, құрылыс қайта жанданған.

Нұрмахан Тұрғынов, мердігер мекеменің бас инженері:

- Өткен жылы аз ғана қаржы бөлінді. Іргетасына ғана қаралған еді, оның барлығы игерілді. Енді биыл мына көргендеріңіздер құрылыс қайтадан қарқын алып, қаржысы бөлінген соң жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы қыркүйекте бітеміз деген ойымыз бар.

Саябақтың жалпы аумағы 17 гектар. 2020 жылы қайта жаңғырту үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленген. Жобалық құны 1 млрд 100 млн теңге. Мамандар құрылыс алаңынаның өзгеруіне байланысты жобаға түзетулер енгізілгенін айтады. Әйтседе негізгі жұмыстар енді басталады.

Әзіретбек Дихан, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Жоба бойынша парктің жаяу жүргіншілер жолағы түгелімен ауыстырылады. Жарықтандыру жүйесі түгелімен жаңартылады. Заман талабына сай орындықтар, скамейка, урна, бесеткалар орнатылатын болады. Сондай-ақ 50 мың шаршы метр жерді көгалдандыру жоспарлануда. Одан бөлек 9 мың ш.м. жерге құрылыс жұмыстары жүргізіледі, спорт алаңы салынады. Бассейн мен субұрқақ құрылысы жүргізіледі.

«Талай жылдан бері қараусыз қалған саябақтың қайта түлейтін күн алыс емес»,- дейді жауаптылар. Ал тұрғындар бөлінген қаржы талан-таражға түспей, тиімді игерлісе деген тілегін жеткізді. Жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан демалыс орнының құрылысы қараша айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов