Елордада «Ұрпақтар сабақтастығы» ата-аналар форумы өтті

Елімізде 6 млн 300 мыңдай отбасы бар.

Бүгін әлем халқымен бірге қазақстандықтар да отбасылық құндылықтарды дәріптеп жатыр. Елордада «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумы өтті. Елдің әр түкпірінен жиналған меймандар ұлт болашағына өзек болар жайттарды сарапқа салды.

«Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумының халықаралық отбасы күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Шарада сөз алған президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева заман ағымына ілесем деп, негізгі құндылықтарды ұмытуға болмайтынын еске салды. Ол "Мықты мемлекеттің тірегі – қуатты отбасы", - деді.

Аида Балаева, ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Ата-ана ретінде ұрпақ тәрбиесі баршамыз үшін маңызды. Бұл бағыттағы мақсатымыз да, мүддеміз де бір. Отбасы ұғымы – біздің халқымыз үшін ежелден қастерлі түсінік. Бұл құндылықтың маңызы қазір де азайған жоқ. Мықты мемлекет болу үшін – қоғамда қуатты отбасы көп болуы керек. Сондықтан отбасы құндылығы тақырыбы – Мемлекет басшысының да үнемі назарында екенін білесіздер. Президентіміз бұл мәселеге ерекше мән беріп, тұлға тәрбиесіндегі "Толық адам" тұжырымын айтып келеді.

Баланы әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Көпшілік арасында осындай пікір қалыптасқаны рас. Сол себепті 13 жасқа дейінгі балалардың Tiktok-ты пайдалануына шектеу қою ұсынылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кибербуллингтің жиілегенін тілге тиек етті. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- "Қазақстандық отбасылар – 2022" ұлттық баяндамасының деректері бойынша, қазақстандық  ата-аналардың басты мәселелердің бірі - балаларының гаджеттерге, әлеуметтік желілерге және интернетке тәуелділігі болып отыр. Бұл алаңдаушылық орынды. Бұл мәселенің екі себебі бар. Біріншіден, ата-аналар балалардың тәуелділігімен қалай күресуге болатынын біле бермейді, сондай-ақ екінші мәселе – балалар тұтынатын мазмұнның сапасы мен сипатына байланысты.

Отбасындағы бала тәрбиесіне әке-шеше, ата-әженің араласуы орынды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи осылай дейді. Ол форум қатысушыларына "Әкеме хат", "Анаммен бірге оқыған кітап", "Әжемнің ертегісі" сынды жобалардың нәтижесімен бөлісті.

Назипа Шанаи, ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:

- Саналы қоғам құру үшін біз негізгі 3 тұғырды ұмытпауымыз керек. Ол мәдениетті, тарихты және тілді. Мәдениет деген ұғымда көбінесе адамдар, мәдениет пен өнерді шатастырып жатады. Ал мәдениет дегеніміз - біздің салтымыз, дәстүріміз, құқымыз соның ішіне кіреді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің сөзінше, 8-9 жастағы балалардың 19 пайызында артық салмақ бар. 6 пайызына семіздік диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, өрендердің дені аз қозғалады, пайдасыз асты талғажау етеді. Бұл мәселе ата-аналарды да алаңдатады.

Баян Ахметова, көпбалалы ана:

- Ұлттың болашағы біздің ұрпағымыз. Осы ұрпақтың дұрыс тамақтануы, денсаулығының мықты болуы тікелей тамақтануына байланысты. Оның дұрыс тамақтануына ата-аналардың көңіл бөлгенін қалар едік. Себебі осы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан балалардың арасында кішкентай күнінен бастап, көптеген аурулар кездесіп жатыр.

Айтулы шарада көпшілікке мемлекет басшысының ақ тілегі жолданды. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-ана қауымының зор үлес қосатынын айтты. Осы орайда елде Республикалық ата-аналар кеңесін құруға шешім қабылданды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Серік Қоңырбаев