Бокстан Ташкентте өткен Әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды

Спортшылар мен жаттықтырушылар Астанаға екі рейспен келді. Оларды күтіп алуға келген жанкүйерлердің де қарасы қалың.

Қазақ болып тумағанда нетер ем?! Бүгін елорда әуежайында ең көп шырқалған ән осы болды. Партиоттық өлең мен көк туға толған терминал іші ызу-қызу. Себебі, бокстан әлем чемпиондары елге оралды.

Әлем чемпионатына ұзын-ырғасы 600-ден аса спортшы жиналған. Дүбірлі додаға Қазақстан 13 батырын қосты. Шаршы алаңның ішіндегі кей кездесу қиян-кескі ұрысқа айналды. Нәтижесінде отандастарымыз 4 алтын 1 күміспен қоржынды майлады. Бұл – соңғы 10 жылда болмаған жетістік. Жалпы медальдық есепте еліміз екінші орында тұр.

Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Күнтізбесі жылдық, соны дұрыс істеу керек. Дұрыс отқу-эаттығу жиындары болу керек. Не үшін қай жерде екенін білу керек. Ғылыми топ болу керек қазір соны қайта жандандырдық.

Жеңімпаздарды күтіп алуға спортшылардың бауырлары мен ата-аналары да келді. Туған баласын биік тұғырдан көру кез келген адамның арманы. Сол үшін де әуежайға келгендер шынайы эмоциясы мен риясыз көңілін жасыра алмады. Көзден жас шықты, көңілдері бір марқайып қалды.

Тәкен Шалдыбаев, С. Ташкенбайдың әкесі:

- Тамаша көңілімнен шықты. Бокстың данкүйерімін. Кішкентайымнан қызығамын. Міне, баламыз құдайға шүкір. Қазақ елінің жігіті осылай болып жүре берсін. 4 алтын дегенде жүрегім жарылып, телевизорды сындырып алыппын ғой. Айғайлап қалдым.

Халида Елубаева, С. Ташкенбайдың анасы:

- Чемпионатты отбасымызбен көреміз. Бірақ именно мен көрмеймін. Басқа бөлмеде дұға жасап отырамын. Басынан бастап көрмеймін өзім. Енді менің жүрегім шыдамайды балам болғаннан кейін.

Бұл – бәсеке жанкүйерлердің де дәрежесін асқақтатты деуге болады. Олар үйде де, түзде де спортшыларын қолдауға дайын екенін дәлелдеді. Ташкенттегі аренаны толтырып, әр кездесу сайын отандастырымыздың рухын қайрағаны аздай, әнұран бел ортасынан үзілгенде, оны жалғап әкеткен халықтың әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. Дүбірлі дода өз жерімізде болып жатқандай сезімде болдық дейді спортшылар.

Нұрбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

- Жанкүйерлердің қолдауы өте қатты болды осы жолы. Ташкентте бір өзіміздің жерімізде жүргендей болды. Мыңдаған адамдар келді ғой. Жарты стадионнан көбі біздің қазақтар болды. Әсерлі болды. Әнұран тоқталып қалған кезде қалғанын жалғастырып құазақтар. Осындай әсерлі сәттер көп болды.

Ташкентті тік тұрғызған жанкүйерлер, елорда әуежайынан да жай қайтпады. Боксшыларға арнау айтылды, абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Алда Азия ойындары мен Олимпиада келе жатыр. Бокс сүйер қауымның осы сайыстарда да спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсе деген тілегі бар.

Блиц:

- Енді қазақтық жігіттері мұндай жетістікке тағы да асып өнер көрсетеді деп ойлаймын. Мұндай қазақтың балалары көп. Бұдан да жақсы нәтиже күтеміз. Барлығы жақсы дәрежеде өнер көрсетті.

- Маған ең ұнаған мезеті – Қазақстанның әнұраны бітіп қалған заматта, жанкүйерлердің бәрі қосылып, әнұранымызды айтты ғой. Сол моменті ұнады. Бәріміз бала-шағамызбен қосылып айттық.

- Үлкен жетістік деп ойлаймын. Осыдан енді спортшыларымыз тұғырдан төмен түспей, планканы ұстап қалса. Алдағы 1 жыл қалған Олимаиадаға үлкен үмітпен келеді деп ойлаймын.

Әлем чемпионатынан алтын алған спортшылар АИБА-дан 200 мың доллар сыйақы иеленеді. Оған қоса, Федерация президенті Кеңес Рақышов өз атынан 100 мың доллар табыстайды. Мемлекет тарапынан 15 мың доллар ынталандыру сыйлығы қоса беріледі.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов