Қостанай облысында егін егу жұмыстары басталды

Астықты өңір Қостанай облысында биыл 5 млн гектарға жуық алқапқа дәнді-дақыл себіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір егін егу науқаны басталды. Тек бидай емес, басқа дақыл түрлеріне көңіл бөле бастаған шаруа көбейген.

Қайролла Әкімханов басқаратын шаруа қожалығының иелігінде 15 мың гектар егістік жер бар. Соның 20%-іне биыл майлы дақыл мақсары екен. Астық нарығындағы жағдай, бидай бағасының ала-құлалығы осындай қадамға баруға итермеледі, - дейді шаруа.

Қайролла Әкімханов, шаруа:

- Қазір бидайды өткізудің өзі қиын. Баға түсіп кетті. Біздің өңірдің ауа райы, табиғи жағдайына байланысты астық өндірісінің шығыны көп, өзіндік құны жоғары. Ал Ресейде біршама төмен. Сол себепті көрші елдің бидайы арзан. Соны пайдаланып, заңсыз жолмен үйіп-төгіп әкеп жатқандығы қазақстандық шаруалардың еңбегін еш қылып отыр. Сондықтан басқа да дақыл түрлерін амалдап көріп жатырмыз.

Арқалық қаласының аумағындағы шаруашылықтардың егістік алқабы – 314 мың гектардан астам. Соның 278 мың гектарын дәнді және бұршақ тұқымдастар алып жатыр. Майлы дақылдардың көлемін 31 мың гектарға жеткізген. Соңғы бір-екі жылда мұндағылар күзгі және қысқы егін егуді де игере бастаған. Енді өнімділікті арттыру үшін техника паркін жаңартып, тұрақты түрде тыңайтқыш қолдану қажет. Ал оларды алайын десе, көбінің қаржысы жетпейді. Баға түсіп кеткендіктен, қамбадағы астықты да сата алмай отыр. Сондықтан қаржы ұйымдарынан несие сұрауға мәжбүр.  

Руслан Құлетов, Арқалық қаласының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

- 2022 жылы біз 646 млн несие алсақ, биыл несиеміз 946 млн-ға өсіп отыр. Себебі өзіміз айттық қой, өзіміз уақытында, дер кезінде сата алмауымызға байланысты шарауа қожалықтары негізінен несиемен күн көріп отыр. Техниканы жаңарту. Одан қалды химиялық өнімдер алу, тыңайтқыштар алу, одан жаңағы тұқымдар осындай шаруашылықтарға жұмсалып жатыр.  

Шаруаларға көрсетіп отырған мемлекеттің қолдауы аз емес. Қостанай облысының өсімдік шаруашылығына 10,5 млрд тенге субсидия бөлінген. Бірақ ол қаржы мақсатты жеріне уақытылы жетпей жатады, - дейді сала мамандары. Бір қуантарлығы, биыл топырақта ылғал мол. Кәнігі диқаншылардың болжамынша, былтырға қарағанда 2-3 центнер көп өнім күтілуде. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.