ШҚО-да визасыз режим туризмді дамытады

Қытай елімен арада 30 күн визасыз режім енгізу елдегі алыс аймақтарда туризмнің дамуына оң ықпал етеді.

Шығыс Қазақстандағы туристік қауымдастық өкілдерінің пікірі осындай. Сондықтан олар алғашқылардың бірі болып аталған жобаны бастауға ұсыныс білдірген болатын. Бұл шешім бірден қабылданған  жоқ, өткен жылы  сынақ түрінде жүргізілді. Сол кезде көрші елден келген туристерге екі апталық уақыттың тым тар екені анықталды. Жолды есептемегеннің өзінде, туристік орындарды толық аралап үлгермейді. Мәселен Қатонқарағай немесе Бұқтырмаға жету үшін олар алдымен Астана не Алматыға келіп, содан соң Өскеменге тоқтау керек. Бұның барлығы виза мерзімін азайта түседі.

Асқар Оразбаев, ШҚО туристік қауымдастық төрағасы:

- Шыны керек, егер турист Батыс, Оңтүстік немесе осы Шығыс Қазақстанға келуді жоспарласа, оған екі апта жетпейді. Жол алыстығын былай қойғанда, оның жоспары өзгеруі мүмкін ғой. 14 күн тым тығыз. Біз талқылап жатқан отыз күндік визасыз режимнің тиімділігін, Түркия да, Араб әмірлігі де, Тайланд та біліп отыр.