Алматыда тұрғын үй кешенінің қақпасы жекенің меншігіне өтіп кеткен

Алматыда 1700-ден аса пәтері бар Gulder тұрғын үй кешеніне кіретін негізгі қақпа жабылып қалуы мүмкін.

Өйткені, кіреберіс аумақ жекеменшікке тиесілі екен. Қақпаның бір қапталы қоршалып, құрылыс жұмыстары басталғанын көрген тұрғындар дабыл қақты. «Тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы болса тұрғындарға басқа жерден жол ашып береміз, депті. Қосалқа қақпа көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де қолайсыз», - дейді жұрт.

Райымбек даңғылының бойында орналасқан Gulder тұрғын үй кешені 2020 жылдан бастап пайдалануға берілді. Қазір 7 мыңға жуық адам тұрады. Күре жолдың бойында орналасқан негізгі қақпа жабылады, деген ақпаратты естіген тұрғындар алаңдаулы. Құрылыс компаниясы айтқан қосалқы жол тұрғындарға мүлдем қолайсыз екен.

Айгерім Исағалиева, тұрғын:

- Мен өзім көпбалалы анамын, балаларыммен өтіп шығу маған ыңғайлы. Енді бізге ұсынып жатқаны бұлардың өте тар көше мына жақта Әбішов деген көше оны барып көргендер бар шығар. Өте тар, жүру мүмкін емес. Біріншіден жүру мүмкін емес, екіншіден балаларыммен мен автобусқа дейін ұзақ айналып жүрк керекпін. Уақыт кетеді, ол маған өте ыңғайсыз және тиімсіз.

Рабиға Смаилова, үй тұрғыны:

- Қазіргі қақпаны жауып тастамақшы, себебі ол жердің иесі басқа адам екен. Үй сатқан кезде мұндай мәселе бар екенін айтпады. Райымбек даңғылына тіке шығасыздар деп айтты. Біз қазіргі қақпаны қадыруын сұраймыз. Құрылыс компаниясы мені алдап кетті, деп ойлаймын.

Қосалқы қақпа арқылы Райымбек даңғылына шығу үшін бір шақырым жолды айналып жүр керек екен. Екіншіден ондағы жеке үйдің иелері мыңнан аса адам мен көліктің кіріп, шығуына қарсы. Қала ортасында қамалып қалмайық деген тұрғындар жауаптылармен кездесіп, талаптарын жеткізді. Қақпа жабылатын болса, құрылыс компаниясын сотқа береміз, дейді ашулы жұрт.

Елдар Кабдрахманов, құрылыс компаниясының сервистік қызмет көрсету директоры:

- Тұрғындармен кездесуге дейін біздің Алматы қаласы бойынша басшысымыз мына жер телімінің иесімен кездесті. Жұма күнге дейін мәселені шешуге келісті. Басшылықтың айтуынша, бұл мәселе шешім табады. Яғни, бұл қақпа Гүлдер тұрғын үйінің иелігінде қалады.

Нұрбол Бейсеков, Наурызбай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

- Сатушы мен сатып алушы ортасындағы келісім. Енді сатушы өзінің міндетін орындау керек қой. Егер сатушы өзінің міндетін орындамаса, бұл жерді сатып алмаймын десе ондай болса әкімдік міндетті түрде бұған назар аударады.

Кездесуге келген құрылыс компаниясының өкілі тұрғындар талабын апта соңына дейін орындайтынын айтты. Ал Наурызбай ауданы әкімдігі уәденің орындалуын бақылаймыз, дейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Аршын Кемелжан, Сұтан Бейсекенов