Өзбекстанда еліміздің жоғары оқу орындары ашылады

Біздегі білім беру жүйесі көршімізде озық деп танылып отыр.

Ал өзбек тарапы Қазақстанда су мамандарын даярлап, білікті гидрологтар шығаруға көмектеседі. Келісім екіжаққа да тең негізде жүзеге асып жатыр.

Тұтас Орталық Азияда су жетіспеушілігі – күрделі мәселе. Күн өткен сайын қиындап барады. Ал еліміздің тіршілік нәрін пайдалану, сақтау ісі ақсап тұр. Жыл сайын салаға қажетті маман даярлау үшін 172 грант бөлінеді. Ол көп жағдайда игерілмей қалады. Мәселені Алматы аграрлық зерттеу университеті реттеуді қолға алды. Алдымен Ташкент ирригация институтымен қос диплом бағдарламасын енгізу көзделген. Бастапқы кезеңде студенттер оңтүстік көршімізде академиялық білім алады. Кейін Қазақстанда су шаруашылығына арналған жоғары оқу орны ашылады.

Ақылбек Күрішбаев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры:

- Су мәселесімен мықтап айналысатын елдің бірі – Өзбекстан. Ташкент мелиорация университеті бар. Соның профессорлары бізге кеп сабақ беретін болады келіп. Біздің студенттер 1 немесе 2 семестр Ташкент кеп оқитын болады. Сөйтіп заманауи кадрлар даярлаймыз.

Екі елдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы біраз жылдар бұрын орнаған. Бірін-біріне толықтырып тұр. Айталық Шымкенттегі Әуезов университетінде 4 мыңдай өзбекстандық оқиды. Олар техникалық бағытта білім алып жүр. Сол оқу орны Шыршықта жаңа филиал ашуға қамданып жатыр. Қыркүйектен 1000-ға тарта жас университет студенті атануы мүмкін.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры:

- Биыл күзде мыңға жуық студент қабылдаймыз. Әуезов атындағы университеттің құрылыс, сәулет, машина жөндеу, жер қатынастары саласы бойынша, айти бойынша 7 бағыттағы жұмысымызды бастауға дайын екенімізді айтқымыз келеді.

Бастама екі жаққа да тиімді негізде жүзеге асып жатыр. Қазақ пен өзбектің үздік оқу орындары білім саласындағы байланысын тереңдетуге ниетті.

Иброхим Абдурахимов, Өзбекстанның жоғары Білім, ғылым және инновациялар министрі:

- Екі елдің оқу орындары арасында 270-тен астам меморандум жасалған. Біз Қазақстанда инженерлік және инновациялық саладағы университеттердің филиалдарын ашқымыз келеді. Өзбекстанда да филиал ашуды көздеген қазақстандық жоғары оқу орындары көп.

Жалпы елімізде оқу орындарының саны Өзбекстанға қарағанда екі есе көп. «Сапасы да жоғары», - дейді мамандар. Есесіне көршіміз кеңес үкіметі кезеңіндегі кей озық тәжірибелерді сақтап қалды. Бір ғана ирригация және мелиорация саласында арнайы университеттің болуы су шаруашылығын өрге домалатып отыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев