БҚО-да ауыл оқушылары әр мекемеде білім алуға мәжбүр

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауылында мектеп оқушылары бөлініп, әр жерде білім алып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы 2 мектептің бірі 5 жыл бұрын апатты деп танылса, екіншісі былтыр көктемде жөндеуге жабылған. Құрылыс уақытында бітер емес, ал балалар болса түрлі мекемені сағалауға мәжбүр.

Санжар Төлегенов, оқушы:

- Біздер мында оқуға келдік. Біздер бұрын деген «Жиһазда» оқыған едік. Сосын ауданға бардық. Сосын ауданға сыймай қалдық. Сосын Мәдениет үйіне келдік.

Казталовтағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 2017 жылы апатты деп танылды, 2018-де жабылды. Содан бері балалардың басым бөлігі ауылдағы екінші мектепте білім алса, ол лицейді де былтыр көктемде жөндеуді бастапты. Қарашада бітеді деген құрылыс әлі жүріп жатыр. Ал оқушылар бөлініп, әр жерде оқиды.

Нұрлан Жасқалиев, Казталов аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Кітапхана, лицей жанындағы мектеп-интернатта, саз мектебінде, балалар орталығында, жастар ресурстық орталығында, AMANAT партиясында, Мәдениет үйінде, білім бөлімі ғимаратында және экономика және қаржы бөлімінің ғимаратында білім алып жатыр. Білім сапасына айтарлықтай кедергі болады деп айта алмаймын.

Билік басындағылар мойындамас, бірақ білім сапасы ақсамайды дегенге келісу қиын. Мұғалімдер сабаққа кешікпеу үшін тарыдай шашыраған мекемелердің арасында шапқылап жүрсе, оқушының да ойы он бөлінеді екен. 

Ернұрбек Ермек, мектеп оқушысы:

- Клубта оқыған кезде бізді үлкен және кіші балалар күтіп тұрады және біздің үйіміз алыс, кейбір кезде кешігіп қаламыз. 

Айнара Ерғали, мектеп оқушысы:

- Мектепте оқыған күшті. Өйткені клубта әртүрлі билер, концерттердің дауыстары шығып тұрады. Содан сабақ оқуға кедергі болады. Ал мектепте ондай дауыстар шықпайды.

Аудан орталығындағы жаңа мектеп құрылысы 2020 жылы басталды. 2021-де тапсырылуы тиіс еді. Бітпеді. Аудан әкімдігі мердігерді кінәласа, мердігер жобаның шикілігін айтады. Себебі сметада ғимаратты ұстап тұратын тірек-бағандар мен арқалықтар мүлде жоқ. 330 шақырым жерге материал тасымалы да салынбаған. Соның салдарынан мердігер 340 млн теңге шығынға батыпты.

Амангелді Тебілов, учаске бастығы:

- Колоннасыз ғимарат тұрмайды. Біріншіден, көп ақшаның бәрі соған байланысты жұмыстар тоқтатылды. Ең бірінші, мына жерде қиындық бізге түседі ғой. Сосын келісу болады авторлық қадағалау, техникалық қадағалау, бәріміз келісу жасаймыз.

Жобадағы кемшіліктерге және 2021 жылы материалдар қымбаттауына байланысты былтыр құрылыс тоқтап, тиісті түзетулер енгізілген. Бастапқы 2 млрд 86 млнға тағы 700 млн теңге қосылыпты. 

Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Жобаға түзету жасау үшін мемлекеттік сараптамаға кірген болатынбыз. Сол кезден бастап жоба тоқтатылды. Материалдар қымбаттағасын, кемшіліктер болғасын. Қазіргі таңда қайтып жұмыстар жалғастырылып жатыр. Ақшасы барлығы қарастырылып отыр.

Жобадағы шикіліктер құрылыста қол байлайды. Бүгінде жобалауды төмен баға берген кез келгеннің ұтып алатыны, қалай-солай жасалған жобаның мемлекеттік сараптамадан өзгеріссіз өте шығатыны жасырын емес. Ол үшін не жобалаушы, не сарапшы жазаланбайды. Заңдағы кемшіліктің бірі осы, - дейді мамандар.

Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Сарапшылар үлгермеуінен болуы мүмкін немесе жобаның көптігінен болуы мүмкін. Айта алмаймыз неліктен олай шыққанын. Бірақ біздерге оң сараптама қолымызда болғасын, ол жоба қолдау тапқан болатын кезінде.

Күні бүгін мектеп құрылысы қайта жанданыпты. Барлық жұмыстардың 90% атқарылған. Казталовтық шәкірттер жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсылайды, - деп сендірді бізді құрылысшылар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э. Аюпов.

Сондай-ақ...