Мектепте ақша жинағандар ₸7 млн айыппұл төлейді

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың жалақысы екі есеге өссе де, еліміздегі орта білім ошақтарында ата-аналардан ақша жинау дерегі азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге дейін ұлғайды. Ол өз кезегінде жемқорлық қауіп-қатерлердің артуына әкеліп соқтырды. Бұл туралы Талдықорғанда өткен білім саласындағы жемқорлықтың алдын алуға арналған жиында еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов мәлімдеді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев болса мектепте болған мұндай жағдайлар үшін сол білім ошағының директоры тікелей жауап беретінін айтты.

Дмитрий Малахов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

- Коррупцияға қарсы қызмет соңғы 3 жылда білім саласындағы 300-ден астам қылмысты тіркеді. 192 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 140 адам сотталды. Агенттік төрағасы біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Бөлінген қаржыны игерумен қоса жалақы төлеу мәселесі де жіті тексеріледі. Кемшіліктерді жою бағытында бірлескен шаралар қабылданып, еліміздегі барлық білім басқармаларында коррупциялық қауіпке талдау жасау жұмыстары қолға алынды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Өзіміз қойдыра алмағаннан кейін бұл кісілер енді мектепте ақша жинайтын болса, ол анықталатын болса, 7 млн теңге айыппұл төлейтін болады. 5 мың теңге жинаймын деп ертең директор, мұғалім 7 млн айыппұл және бас бостандығынан айыру мәселесі туралы қазір айтып жатыр. Бүкіл ұжымға ескертіп қойыңыздар. Тиісті қаржы бөлініп жатыр. Сондықтан ешкімнен еш нәрсе жинаудың қажеттілігі жоқ.