Атырауда әскери міндеттілер шеберлігін шыңдады

Атырауда облыс әкімінің қаулысына сәйкес 11-20 мамыр аралығында әскер қатарында болған азаматтардың тактикалық оқу-жаттығу шарасы өтті.

Оған облыс аудандарынан 78-ге тарта азамат жиналып, 10 күн бойы бұрынғы әскер қатарында үйренген тәжірибелерін пысықтаған болатын. Әскери жиынның соңғы күні "Индер" мұнай айдау стансасын басып алмақ болған шартты қарсыластардың «шабуылын» тойтарумен аяқталды.   Оқу-жаттығуға әскери міндеттілерден өзге ішкі істер органдарының арнайы жасағы, жедел жәрдем және өрт сөндірушілер де қатысты.

Түс әлетінде Индер ауданындағы мұнай айдау станциясына диверсиялық топ шабуыл жасады. Автобусты қалақалаған содырлар тобы стансаға таяп келгенде әскерилер дабыл қағып дереу қорғанысқа көшті. Кескілескен ұрыста қарсы жақтың 4 адамы ұрсыс даласында қалды. Бұрынғы машықтарынан жаңылмаған жауынгерлер негізгі күш келгенше өздеріне сеніп тапсырылған маңызды нысанға шартты жауды аяқ бастырған жоқ. 

Асыланбек Батырғалиев, әскери міндетті:

- Осы 11 мамырда военкоматтан хабар келді 10 күнге әскери жаттығуға келуімді сұрады. Қазір осында келіп әскери міндеттерімізді атқарып жатырмыз. Автоматты аттық, бәрі жақсы. Армия есімізге түсіп жатыр. Тамаша! Жастарға тілейтінім: азаматтық борышын атқарсын әр азаматтың міндеті өзінің елін қорғау.

Атырау облысында ұйымдастырылған республикалық «Дала» оқу-жаттығу жиынына 45 жасқа дейінгі азаматтар шақырылған болатын. Олар 10 күн бойы бұрынғы әскери машықтарын пысықтап, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау тактикасымен танысты.  

Нұржан Дауытов, аумақтық бригаданың командирі:

- Олардың міндеті маңызды нысандарды қорғау болып табылады. Қазіргі уақытта барлық дәрістерді беріп, біз ол тапсырманы орындап шықты. Бұл біздің облыс бойынша жылына 2 мәрте өткізіледі. Бұл жиынның мақсаты әскерде болған міндеттілердің тәжірибелерін әрі қарай шыңдау болып табылады.

Осылайша бүгінгі әскери жаттығу өз мәресіне жетті. Берілген тапсрыманы мүлтіксіз орындап, ортасынан  үздік шыққан жауынгерлер облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин