Жетісу облысында балаларға өрт қауіпсіздігі туралы ескертілді

Жетісу облысында Төтенше жағдайлар қызметі мектептерде арнайы акция өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандары балаларға өрт қауіпсіздігі мен суға шомылу кезіндегі сақтық шаралары туралы ескертіп жатыр. Тәрбие сағатынан бөлек, «Жас өрт сөндіруші» командалық жарысы ұйымдастырылды. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету және қорғаныш киімін кию, өртті жедел сөндіру бойынша сынға түсті. Ал шығармашылыққа бейім оқушылар тілсіз жаудан келер қауіп-қатер туралы тақырыпта сурет салды. 

Оқу жылы аяқталар тұстағы мұндай шараның пайдасы зор, - дейді саладағылар. Себебі былтыр жазда балалар ойнап жүріп, 3 нысанды өртеп жіберген еді.  

Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Балаларға сақтық ережелерін айтып түсіндіру үшін және отпен ойнаса, өз өміріне қауіп-қатер төнетінін, отбасына зор шығын келетінін ұғындыру мақсатында осы акцияны өткіздік. Әсіресе түрлі төтенше жағдай кезінде жылдам әрекет етуді үйреттік.