Оралда екі бірдей мәдениет үйінің тозығы жеткен

Сызат түскен қабырға, шіріген еден, тозған жабдықтар.

Оралда екі бірдей мәдениет нысаны дәл осындай күйде тұр. Бұл ғимараттарда өнер ұжымдарынан бөлек, кітапхана, үйірмелер мен қоғамдық ұйымдар орналасқан. Әйткенмен нысанда қолайлы жағдай жоқ.

Бұл Деркөл кентіндегі мәдени-демалыс орталығы. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимарат осы аралықта жөндеу көрмеген. Жабдықтары да жаңартылмаған. Концерт залындағы орындықтар қирап, сахна төбесіндегі темір құрылғылар шіріп жатыр. Қызметкерлер тіпті шымылдықты түруге де қорқады екен.

Анаргүл Бөкенбаева, Деркөл мәдени-демалыс орталығының әдіскері:

- Шымылдықты тек ашылатын бағытқа қойдық. Себебі мындағы темірлердің барлығы тозығы жеткен. Қатты звук бергенде де діріл берген кезде қорқамыз, мынау түсіп кетуі де мүмкін. Арнайы бір светтер де жоқ, қараңғы. Осы зал осы освещениемен болады. Себебі біз ана жерлерге қосымша жарықтар іле алмаймыз.

Ғимараттың қабырғалары мен шатыры жарыла бастаған. Ішке шаң-топырақ түсіп жатыр.

Ал жауын-шашынды күндері төбеден су сорғалайды. Бұл келеңсіздік мұнда орналасқан кітапхананың жұмысына тіптен қиындық тудырып тұр. Қызметкерлер кітап сөрелерін қосымша материалдармен бүркемелеп қоюға мәжбүр. Оның үстіне балаларды оқу залына отырғызуға шектеу қойыпты.

Нұрзия Сариева, кітапхана меңгерушісі:

- Құм себелейді ғой машина жүргенде балалардың үстіне. Бірдеңе болып қалса, жауапкершілік ауыр ғой. Сондықтан біз ала алмаймыз. Келеді балалар, тек кітап алып кетеді абонементтен. Мында отырғызуға бізге болмайды.

Ал бұл – қала орталығындағы Жастар мәдениет сарайы. Мұнда  шағын ұйымдарды қоса алғанда 300-ге жуық адам еңбек етеді екен. Ғимаратта концерт ұйымдастырылып қана қоймай, өнер үйірмелері мен спорт секциялары тұрақты жұмыс істейді.

Нұрбол Құрманбай, мектеп оқушысы:

- Мен мында күреске қатысуға келемін. Жаттығу үшін. Денсаулыққа жақсы. Жақсы күрес. Жарысқа да барамын.

Нысан 15 жыл бұрын жөндеуден өткізілген. Енді қайтадан жаңғырту керек. Екінші қабатынан су кетіп, қабырғасы көгере бастапты. Еңбек ұжымы өз күшімен әктеп-сырлағанымен, одан келер пайда жоқ.

Алма Құсекен, "Бойтұмар" мәдени клубының меңгерушісі:

- Жаңбыр жауған уақытта мынаның бәрі жерге түсіп, қиындық туындап жатады. Мұнда көздері нашар көретін және көрмейтін азаматтармен жұмыс жасаймыз. Жаңағы бірінші кабинет, мынау екінші кабинетіміз.

Әкімдік өкілдері қос ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу назарға алынып, жобалық-сметалық құжатың жасалғанын  айтып отыр.

Серік Қайырлиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Жастар мәдениет сарайының ғимараты жалпы сомасы 806 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Оған қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен қаражат көздері қарастырылып отыр. Деркөл мәдени-демалыс орталығының ғимараты, бұған 294 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Енді аталған сомалар бөлінетін болса, бұл ғимараттарымыз жөндеуден өтіп, халықтың игілігіне пайдалануға берілетін болады.

Деркөлдегі мәдени нысанның жаңғырту жобасы былтыр, ал Жастар сарайының жобасы 2021 жылы дайындалған екен. Егер биыл құрылысқа қаражат бөлінбесе, екінші ғимарат құжаттамасының мерзімі өтіп кетіп, қайтадан әзірлеуге тура келеді. Сондықтан өнер ұжымдары әкімдіктен тиісті жұмысты кейінге ысырмауды сұрайды. 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов