Алматыда көпқабатты тұрғын үйлерді басқару мәселесі талқыланды

Алматыда Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналғандар көпқабатты тұрғын үйлерді басқару мәселелерін талқылады. Қазір елде 5721 меншік иелері бірлестігі құрылған. Олардың жұмысы да жолға қойылды. Дегенмен көпқабатты тұрғын үйлердің 90%-і әлі пәтер иелері кооперативінің басқаруында. Жиналғандар ПИК-тің жұмысын реттеуге байланысты өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, пәтер иелері кооперативі жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін мобильді қосымша жасау, қаражаттың жұмсалуы туралы тұрғындарға есеп беруді міндеттеу, сондай-ақ тұрғын үйді басқарудың барлық формалары үшін бірыңғай консультациялық оқу орталықтарын ашу қажеттігі айтылды. Күзде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Қоғамдық талқылаудан өткен ұсыныстар негізінде жаңа заңға пәтер иелері кооперативтеріне қатысты талаптар жазылады.

Айта кетейік, елімізде көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың 3 формасы заңмен бекітілген. Олар: ПИК, меншік иелері бірлестігі және қарапайым серіктестік.

Алтынай Көбеева, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Мәселен, бізге бірінші қабатында тамақтандыру орындары орналасқан үйлердің тұрғындары шағымданды. Сондай сұрақтар өте көп. Осыған байланысты біздің сарапшылар қауымдастығы, соның ішінде тұрғындар тарапынан бір ғана тұрғын үй заңы емес, сонымен бірге барлық тиісті нормативтік құжаттарды қамтитын тұтас кодекс керек деген ұсыныс бар.