Петропавлда жатақхана құрылысы созылып кетті

Оған колледж студенттері әлдеқашан жайғасуы тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ тендерді ұтып, таңғажайып ғимарат тұрғызбақ болған мердігер жұмысты шала-шарпы атқарып, аяқтамай тастап кеткен.

Әлеуметтік маңызы бар нысанға студенттер енді қашан кіреді? Кімнің не ойлағаны бар?

Бұл жатақхананың құрылысы 2020 жылдың мамырында басталған. Бірақ мердігер ұйым өзіне жүктелген міндетті орындамай, нысанды басталған күйінде тастап кеткен.

Қанат Күжімбаев, Құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Бұрынғы мердігер ұйым кестеден қалып қойды. Олар жұмыстың 10-ақ процентін орындады. Сондықтан құрылыс компаниясын сотқа беріп, келісімшарт бұзылды. Ақша қайтырылды.

Ол – ол ма, бұл аралықта құрылыс материалдары қымбаттап, жоба құны шарықтап кетті. Енді бұл жатақхана 1 млрд теңгеге салынады. Қазір нысанда басқа мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр.  

Оксана Грибанова, құрылыс компаниясының директоры:

- Келісімшарт бойынша нысан тамыздың 31-і тапсырылуы тиіс. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Енді қасбетіне кірісеміз. Құрылыс материалдары дайын тұр.

Бұл осындай жалғыз нысан емес. Қазір облыс бойынша 21 құрылыс жобасы мерзімінен кешігіп салынып жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.