Атырау облысының әкімдігі ҚР ПІБ Медицина орталығымен ынтымақтастық орнатты

Атырау облысының әкімдігі мен ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасалған келісім дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту қызметтерін алуға, қажет болған жағдайда ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді.

23 мен 26 мамыр аралығында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының білікті дәрігерлері өңірдегі 1000-нан астам маманды әртүрлі бағыт бойынша оқытты. Шеберлік сабақтарын өткізді. 32 күрделі операция жасады. Жергілікті дәрігерлер операция жасаудың қыр-сырын меңгерді. Мұндай бастаманың өңір медицинасының дамуына серпін берері сөзсіз.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- Тек қана үздік технологияларды пайдаланған, дамыған медицина орталықта ғана емес, елдімекеннің барлығында да біз тиісті, сапалы қызметтерді көрсетуіміз керек. Сондықтан біз осы медициналық орталықпен бірлесе отырып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу мақсатында осылай ұйымдастырған болатынбыз.

Облыс әкімдігі мен медициналық орталықтың арасындағы меморандум аясында енді «Жол картасы» жасалады. Тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіледі.

Алексей Цой, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы:

- Мұндай бастама өңір дәрігерлерінің біліктілігін арттыруға жол ашады. Біз осы сапарымызбен ғана шектелмейміз. Меморандум аясында бұл жұмыстар жалғасын табады. Қазірдің өзінде күрделі операция жасаудың қыр-сырын жергілікті мамандар меңгерді.

Ғасырлық тарихы бар Медициналық орталықтың 35 жетекші маманы 4 күн ішінде облыс тұрғындарына практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.