«Алтынемелдегі» Прежевал жылқысы жойылып кетуі мүмкін

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Прежевал жылқысы жойылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24»

2003 жылдан бері Германиядан әкелінген 10 бас жылқының қазір бесеуі ғана қалды. Оның екеуі қартайған. Ал байталдарға қосар таза қанды айғыр жоқ. Осы себепті жабайы жануардың өсімі болмай тұр. Қызыл кітапқа енген жылқыларды сақтау үшін парк қызметкерлері биелерді қорада ұстап отыр. 

Бақтыгерей Әлсейітовтың жұмыс күні жылқыға жем-шөп беруден басталады. Бұл биелердің қорада тұрғанына 5 жылдан асты. Соған қарамастан әлі күнге дейін адамнан үркіп, асау мінез көрсетеді. Сондықтан қоршаудың ішіне мемлекеттік инспектордың өзі ғана кіріп шығады. 

Бақтыгерей Әлсейітов, «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы:

- Көкшөбін, орамжапырағын, алмасын дегендей, жем шөбін беріп, астын тазалап, мәпелеп ұстап отырмыз енді. Айғыр болмағаннан кейін бұлар алды-алдына кетеді. Осында алып келіп бағуға тура келеді. Қызыл кітапқа енгеннен кейін, жоғалып бара жатқан аң болғаннан кейін сөйту керек болып тұр.

Прежевал жылқысын жерсіндіру үшін 2003 және 2005 жылы «Алтынемел» паркіне биелерімен 2 айғыр әкелінген. Соның біреуі 6 жыл бұрын мертігіп, парк қызметкерлері 2 үйірді біріктірген. Содан бері үйірден қуылған байталдарды қайыратын айғыр болмай тұр. Итқұсқа жем болмасын деп аналық басын қорада бағу туралы шешім қабылданған. Енді көбейту жолдары қарастырылып жатыр. 

Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

- Осы сәуірдің жиырмасында Чехословакиядан хайуандар бағынан кісілер келді. Солар енді меморандумға министрлікпен отырды. Келесі жылдан бастап бірінші «завозда» 10 бас Прежевал жылқсын әкелуі керек. 60 бас әкелінеді.

Парк аумағында 20 жасар 2 бас Прежевальск жылқысы емін-еркін жайылымда жүр. Жоспар жүзеге асып, шетелден жұмыр тұяқтылар жеткізілсе ғана, жабайы жануарларды сақтап көбейту мүмкіндігі болады.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев