«Асыл домбыра» республикалық айтысының финалына 8 ақын жолдама алды

«Асыл домбыра» республикалық айтысының финалына өткен 8 ақынның есімі белгілі болды.

Еліміздің әр өңірінен келген 16 айтыскер Семейде бақ сынап, өзара мықтыларды анықтаған еді. Ал Абай облысының Ақсуат ауданында өтетін супер финалда өнер көрсететін қалған 8 ақынның, есімдері жақында Атыраудағы айтыста жария етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы іріктеу кезеңінің, Семейде өтуінің өз себебі бар. Өйткені, алаштың рухани астанасы атанған шаһарда 2006 жылдан бері республикалық айтыс болмаған екен. 

Айбек Жеңісқазин, айтыскер ақын:

- Бүгін 17 жылдан кейін Семейдің даласына, Абай облысына ақындардың көші келіп, ағайынның айтысқа деген махаббаты мен пейіліне келген ақындардың барлығы қуанып жатыр. Ақындардың ордасында тек араға жыл салып емес, ай салып өткізсе де артық етпес еді деп білемін.

Дулат Тастекеев, ұйымдастырушы:

- «Асыл домбыра» айтысының алғашқы іріктеу турын Семейде өткізейік деп шештік. Себебі, Абай облысының құрылғанына 1 жылдай уақыт болды. Келесі туры Атырау қаласында болады. Ақтық сын 1-2 шілдеде Абай облысының Ақсуат ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер фестивалінің аясында өтеді.