Қарағандыда ми тамырына күрделі операция жасалды

Қарағандыдағы кардиология орталығында астаналық нейрохирург Бауыржан Қонақбаевтың қатысуымен бірінші рет ми тамырына күрделі операция жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер 38 жастағы жігіттің ми тамырындағы ісікті, яғни аневризманы алып тастады. Бұған дейін мұндай ем-дом басты тілу арқылы жасалатын. Енді жаңа технологияның көмегімен шаптағы тамырға катетер қою арқылы жүзеге асады. Бұл, біріншіден, адам ағзасына қауіпсіз әрі науқас тез сауығады.

Кейінгі жылдары аневризма дерті 20 жас пен 40 жас арасындағы адамдарда жиі кездесетін болған. Әсіресе әйел адамдар көп шалдығады. Оны дер кезінде емдемесе, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Тек 2021 жылы Қарағанды облысында 2 мыңға жуық адам инсульттан көз жұмған.

Азамат Жәшкеев, тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Жас жігіт, 1985 жылғы. Бір жылдай қатты басы ауырып, аяқ-қолы тартылып, содан тексерілген. Томографияда аневризма табылды. Аневризманың жарылу дәрежесі үлкен болды. Содан кейін осы операцияны жоспарлап істедік. Бүгін кешке тұрғызамыз аяғынан. Наркоздан оянғаннан кейін.