Атырауда жазғы су құбыры іске қосылады

Атырау қаласы мен іргелес 7 ауылдық округте 100 шақырымға жуық жазғы су құбыры тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Климаты қатал өңірде жасыл желекті күтіп баптау үшін бұған дейін ауызсу пайдаланып келген. Құбырға телмірген ауыл тұрғындары бау-бақшаға су жеткізе алмай қиналатын. Осыған байланысты елді мекендер мен жаңадан бой көтерген ықшам аудандарға 60 тонналық су жинайтын қазандықтар қойылып, әр үйге құбыр тартыла бастады. Енді Жайық өзенінен бақшалар мен саябақтарға тікелей су жететін болады. Бүгінде 35 мыңға тарта тұрғыны бар 5 ауыл жаңа құбырдың игілігін көріп жатыр.

Нұрислам Ғұмаров, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қала аумағындағы ішкі елді мекендерге де жоба жасақталып жатыр. Оларға да биылдан бастап жүргіземіз. Ал мына «Еркінқала» ауылдық округінде 2,6 шақырымға су құбыры жүргізілген болатын. Сонымен қатар «Балауса» мен «Ракуша» ауылында 9 шақырымға су жүргізу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 5 шақырымы бітті.