«Huawei» сайысында қазақ жастары жеңіске жетті

Қазақстан студенттері «Huawei» компаниясы ұйымдастырған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сайысында жүлделі орыннан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 7-ші байқауға 74 мемлекеттен 120 мың студент қатысты. Ұлттық және өңірлік турлардың нәтижесінде финалға тек қана 146 команда жетті. Қазақстан құрамасы оқ бойы озып шықты.

Шынайы эмоциялар мен жеңіске жетуге деген құштарлық. «Huawei» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар байқауы қатысушыларға осындай эмоция сыйлады. Сайыстың соңғы кезеңіне Қазақстаннан 2 команда қатысты. Олар бірінші және үшінші орындарға ие болды.

Аида Бегайдарова, «Huawei» байқауының жеңімпазы:

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. 74 мемлекеттің алдында Қазақстанның аты шыққан кезде, бұл, әрине, өте керемет сезім. Біз осы сәтке жету үшін көп дайындалдық, бар күшімізді салдық.

Азамат Хохлов, «Huawei» АКТ академиясының инструкторы:

- Сезімім өте керемет, балалар күні-түні дайындалып, енді жемістерін көрді. Жеңіске жетуге Коляға қызығушылығы, Аидаға табандылығы, ал Айгерімге тәжірибесі көмектесті. 

Байқау осымен 7-ші мәрте ұйымдастырылды. Бұл жолы оған дүниежүзіндегі 2000 университеттің 120 мың студенті қатысты. Негізінде олардың барлығы  – оқу орындардың жанында ашылған «Huawei» АКТ академияларының тыңдаушылары. Жыл сайын білім ордасында 200 мың студент тәлім алады. Алдағы уақытта оның санын 5 есеге өсіру жоспары бар. Биыл финалға тек 36 мемлекет пен өңірден келген 146 команда өтті.

Сяо Хайцзюнь, Huawei EBG Жаһандық серіктестікті дамыту және сату департаментінің президенті:

- Академия мен байқауға қатысу бәріне тегін. Біз үшін ең маңызды нәрсе – ол мамандарды дайындау. Әр елде қазір цифрлы экономика дамып жатыр. Оған техникалық білік керек. Осы байқау арқылы біз әр ел мен өңір үшін көбірек білікті мамандарды дайындауға тырысамыз.

«Huawei» елімізде Президент жариялаған 100 мың жоғары білімді IT мамандарды даярлау бағдарламасына қатысады. Компания Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Жалпы ол дүниежүзінің 170 елі мен өңірінде қызмет атқарып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымы мен «ақылды» құрылғылардың жетекші жеткізушісі ретінде танымал.