Талдықорғанда тұрғынға бір мезетте 3 операция жасалды

Талдықорғандық кардиологтар мен онкологтар бірлесіп операция жасауды тәжірбиеге енгізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салалық дәрігерлердің бастамасы елімізде тұңғыш рет іске асып, тиімділігін көрсетті. Мәселен, тұрғындардың бірінің бүйрегінен қатерлі ісік анықталған. Өкпесі мен жүрегі де ауырады екен. Бөлек ем жүргізген жағдайда оған 2 рет күрделі ота жасалып, біраз уақыт кететін еді. Ауруды асқындырып алмас үшін дәрігерлер ақылдаса келе, 3 операцияны бір күнде жасады. Алдымен кардиологтар жүрек қағысын тоқтатып, қалқаншасын ауыстырды. Содан кейін онкологтар ісік пайда болған бүйрегін, артынша індет жұққан өкпенің астыңғы бөлігін алып тастады. 10-нан аса маманның 7 сағат бойы жасаған операция нәтижесінде 67 жастағы науқастың жағдайы жақсарды. Аса ауыр халде түскен ол енді бірнеше күннен кейін үйіне қайтады.

Владимир Антонов, емделуші:

- Денсаулығым жақсы болды. Бұрын жаман болған. Жақсы жігіттер жұмыс істейді. Қазір тұрамыз, тамақ жейміз. Бәрі жақсы.

Мадияр Өмірбаев, облыстық онкологиялық көпсалалы клиникасының бас дәрігері:

- Республика бойынша Жетісу облысында облыстық кардиологиялық орталықта онкологтармен қосылып, бірлесе жасаған 5-ші отамыз. Ары қарай да біз бірлесіп ота жасап, Жетісу облысының Қазақстан халқына қызмет ете береміз.