Ұлытау облысының Жәйрем кентінде аулалар абаттандырылды

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде 30 жыл бойы жөндеу көрмеген аулалар абаттандырыла бастады.

Биыл елді мекендегі жиырмаға жуық аула жаңа кейіпке енеді. Құрылыс жұмыстарына жергілікті қазынадан 100 миллионнан астам теңге бөлінген.

Жәйрем кенті темір-марганец кен орындарының игерілуіне байланысты 1972 жылы құрылды. 90-шы жылдары жерасты байлығы сарқылып, кәсіпорын жабылған тұста тұрғындардың жартысы бұл аймақтан көшіп кетті. Кенттің дәуірлеген, құлдыраған кезін көрген Гүлбарам Қуанышбаева «былтыр басталған абаттандыру жұмыстары құлазыған көңілімізді көтеріп тастады», - дейді. Себебі сол жылдардың куәсіндей болған мына аулалар ширек ғасырдан астам жөндеу көрмеген. 

Гүлбарам Қуанышбаева, Жәйрем кентінің тұрғыны:

- Былтыр біздің төбемізді, жертөлемізді жөндеді. Төбемізден су ағатын еді. Жолды салды. Енді биыл 50 жыл болған, түбі шіріп кеткен ағаштарды кесті. Шарбақтап жатыр мынадай, орындықтар қойып жатыр демалатын. 

Абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Былтыр  көшелерге асфальт төселсе, қазір қоршаулар салу, жарық тарту, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр. Ал спорт алаңдарын тұрғызу келер жылға қалдырылған. 

Қайрат Жансағымов, Жәйрем кентінің әкімі:

- Орамда тұратын әр халықтың ұсынысын тыңдап жатырмыз. Қай жерге, не сұрайды?! Мына жерге балалар алаңы керек, тренажерный зал керек, волейбол алаңы керек деген сияқты. Енді оларды алдағы жоспарға қойып отырмыз. 

Жалпы елді мекенде 27 балалар алаңы бар. 11 мың тұрғыны бар Жәйрем үшін бұл өте аз, деп есептейді қоғам өкілдері. Себебі соңғы уақытта жаңадан өндіріс орындары ашылып, сырттан көшіп келгендер ұлғайған. Осыған байланысты жергілікті билік алдағы жылы қосымша 10-ға тарта ойын алаңын салуды жоспарлайды. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева