Қарағандыда қараусыз қалған ғимараттар қауіп төндіріп тұр

Қарағандыда қараусыз қалған ғимараттар мен аяқсыз құрылыс орындары балаларға қауіп тудырып тұр.

Қаңыраған нысандар оқушылар мен жасөспірімдердің ойын алаңына айналған. Кеншілер қаласындағы бір ғана Әлихан Бөкейхан ауданында осындай 20-ға жуық орын анықталды.

Жазғы каникул кезінде бұл жерде жеткіншектер жиі жүреді.

Бұл бейнежазбаны жүйкесі әлсіздер көрмей-ақ қойсын. Мына кадрда ойын баласы он жылдан бері қараусыз тұрған үйде балконынан балконға секіріп ойнап жүр. Әлихан Бөкейхан ауданында осындай 20 шақты нысан бар.

Ал мынау Қарағанды қаласының қақ ортасында тұрған ғимарат. Бір кездері аты дардай мейрамхана болды, одан кейін букмекерлік конторға айналды. Кейінгі жылдары иесі істі болып, ал нысан қаңғыбастардың мекеніне айналды.

Әлия Сәденова,  Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мына жерден балаларымыз өтеді таңертең-кешке. Кешке кеш келеді. Сонда өтуге қиын. Ішіп жүретін кісілер бар, осының ішінде қонып жататындары бар. Содан қорқамыз біз. Өзіміз жұмыстамыз, қарай алмай қаламыз. Бала-шаға өздері келіп, өздері қайтады. Біздегі үлкен проблема осы болып тұр. Қаланың дәл ортасындағы.

Аңсар Әлкенов, Қарағанды қаласы ОПБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

- Нысанның қожайыны қазір елде жоқ. Облыста жақын туыстары да табылмады. Инспекторлар ол жерге ара-арасында барып, тексеріп тұрады. Ол жерді  тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың күнелтетіні де жасырын емес. Біз оларды уақытша бейімдеу орталығына алып барамыз, бірақ аз уақытта олар қайта сол жерге барып алады. 

Қазір жергілікті әкімдік бұл ғимаратты мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр. Нысанның иесіне бірнеше рет айыппұл салынған. Бірақ ол күні бүгінге дейін төленбеген. Қожайынымен байланыс жоқ.

Нариман Итқарин,  Қазыбек би аудандық жоспарлау және абаттандыру бөлімі басшысының м. а.:

- Постановление бар акиматта осы ғимаратты арестке қойып изымать етуге. Кірген беттегі есікті біз қоршап жауып қойдық, бірақ адамдар оны сындырып, кіріп, қонып отыра береді.

Ал мына бір сәулеті келіскен нысан бір қарағанда заманауи үлгіде салынып жатқан құрылыс сияқты. Бірақ оның да қаңырап тұрғанына талай жыл өткен. Ол да оқушыларға қауіп тудырып тұр.

Осы маңайдағы оқушылардың тағы бір сүйікті жері ол мына бір қонақ үй. Осы жерден 150 метр қашықтықта мектеп-интернат тұр. Мектеп оқушылары оқудан шыққан соң осында келіп жергілікті тұрғындардың сөзінше селфи жасап, жоғары қабаттарында жүргенді ұнатады екен. Сөзге дәлел өткен жылы 11 жастағы 5-ші сынып оқушысы осының жоғары қабаттарының бірінен құлап, бірнеше жері сынғаны былай тұрсын, ішкі ағзалары қатты зақымданған. Салдарынан ол қазір үйде отырып білім алуға мәжбүр болып отыр.

Асқар Әшірбеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Күзет ешетеңе жоқ. Былтыр біреуі құлады. Жарақаттанды. Енді оған ешкім шара қолданып жатқан жоқ. Үлкен алаң болған осы жерде. Балалар футбол ойнайтын. Оны алып тастап мынаны салып қойған.

Бұл нысандарды мемлекет меншігіне қайтару оңай шаруа емес. Ол ұзақ уақытты талап етеді. Бүкіл Қарағанды қаласы бойынша құрылысы аяқталмаған небәрі үш үй ғана толық мемлекет меншігіне қайтқан. Алдағы уақытта олар сүрілуі мүмкін.  

Нұрболат Нахатов,  Қарағанды қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Сотқа беріледі. Сот шешім шығарған соң оған тех.құқық белгілейтін құжат жасалып, мемлекеттік тіркеуден өтеді. Одан соң балансқа өткен соң әрі қарай толықтай шешім қабылданады сол ғимарат бойынша.

Қазір қаладағы Қазыбек би ауданында да қауіпті құрылыс нысандарын анықтау шаралары жүріп жатыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар