ШҚО-да егіс алқабы ұлғайды

Шығыс Қазақстанда биыл майлы және жемшөп дақылдарын егетін алқап көлемі 10 мың гектарға артты.

Өткен күзде де, қыста да осы өнімдерге аймақта сұраныс  жоғары болды. «Дегенмен пайдаға белшемізден батамыз»,- деуге әлі ерте дейді шаруалар. Өйткені үміт артып отырған субсидияға қол жеткізу қиын.

Қатонқарағай ауданындағы ең ірі егістік алқаптарының бірі осы. Мұнда таң алакеуімнен түн жарымына дейін тынымсыз тірлік. Арман Өскенбаевтың механизатор болып істеп жүргеніне 9 жылдан асқан. Қазір шекілдеуіктің дәнін сеуіп жүр. "Жауын-шашын көбейсе, бәрі тоқтайды, күзде жер сипап қаласың",- дейді ол. Сондықтан асығыс. Бізге аз ғана аялдады

Арман Өскенбаев, механизатор:

- Сағат жетіде басталады, сағат онда, тоғызда бітіреміз сосын. Қар көп болған, енді бәрі жақсы болады мында, урожай бұйырса, шығады мында.

Күнбағыстан бөлек мұнда рапс та мол. Себебі сұраныс ыңғайы солай. Дәнді дақылды азайтып, қарақұмық пен жемшөп үлесін көбейткен. Бұның бәрін зерттеп жүрген шаруашылық жетекшісі Анатолий Матасов "бастықпын" демейді. Кез-келген техниканы тізгіндеп, қара жұмысқа да өзі араласып кетеді. Айтуынша, ең қиыны қымбатшылықтың қысқаны.

Анатолий Матасов, шаруа қожалығының жетекшісі: 

- Бәрінің бағасы удай. Тіпті бір-бірлеп айтуға да келмейді, техника, тұқым, тыңайтқыш бәрі қымбаттады. Ал өнім бағасы түсіп кетті.Ең ауыр тиіп жатқаны осы.

Шаруа әсіресе көлік бөлшектері мен тыңайтқыштардың да  құны реттелсе дейді.  Биыл өлкеге 20 мың тонна жеңілдетілген бағадағы жанар жағар май бөлінді.Тек субсидия рәсімдеуде диқандар тығырыққа тірелді.Жаңа жүйе істі жүргізер емес.

Диляра Жылқайдарова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Субсидиялардан заявкаларын өткізу сайты. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілер жағынан көптеген шағымдар боп жатыр.Ол шағымдардың барлығы ауылшаруашылығы министрлігімен қарастырылып,шешіліп өз шешімін тауып келе жатыр.Алдағы уақытта толығымен жұмыс істеуге,системаны күтіп отырмыз.

Тұқым шаруашылығы мен тыңайтқыштар үшін облыста 4 миллиард теңгеден аса субсидия беру жоспарда. Аймақта жалпы 650 мың гектар алқапқа егін егіледі. Қазір егістіктегі  шаруаның 90 проценті біткен. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов