Оралда «ВодЭкоФильтр» серіктестігі су тазалайтын жабдықтарын шығарып жатыр

Ауызсуды тазалауда натрий гипохлоритін қолдану арқылы денсаулыққа зиянды хлордан бас тартуға болады.

Орал қаласындағы «ВодЭкоФильтр» серіктестігі бүгінде осындай жаңа буын су тазалау жабдықтарын шығарып жатыр. Кәсіпорында шағын шаруашылықтарға арналған су сүзгілерінен бастап, қуаты үлкен кәріздік тазалау қондырғылары өндіріледі. Зауыттың мүмкіндіктеріне Батыс Қазақстанға барған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері де көз жеткізіп қайтты.

Елімізде 400-дей жобаны сәтті жүзеге асырған «Водэкофильтр» зауытында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Барлығы да білікті мамандар, технологтар, конструкторлар. Мұнда суды ультракүлгін сәулемен зарарсыздандыру, шайынды суды биологиялық тазалау, электролиздік қондырғылар шығарады. Заманауи тәсілдер қолданады.

Сергей Рабцевич, «ВодЭкоФильтр» ЖШС басшысы:

- Гипохлорид натрийді кәдімгі ас тұзынан өндіреміз. Осы арқылы сұйық хлорды ауыстырамыз. Сонда органикалық хлор түзінділер пайда болмайды. Ол денсаулыққа зиян. Өркениетті елдерде қазір осы тәсіл қолданылады. Оралда станса іске қосылды, Қостанайда, Теңізде. Қазір Алматы мен Атырауға жасап жатырмыз. Сонда суда сапа болады.

Судың құрамы әр жерде әртүрлі. Қондырғылардың сипаттамасы соған сай өзгереді. Отандық өнім теңіз суын тұщыта алады. Мұнда шағын модульді су тазалау стансаларынан бастап, кәріз суын тазалайтын жабдықтар жасалады. 

Сергей Рабцевич, «ВодЭкоФильтр» ЖШС басшысы:

- Біздің патенттелген шешімдеріміз бар.  Суды тазалауға, тұщытуға,  үнемдеуге, шайынды суды тазалап ауылшаруашылығына, техникалық мақсатқа пайдалануға мүмкіндік беретін. Қазір көптеген қалада кәріздік тазалау қондырғылары ескірді. Соны жаңғыртуға жәрдем бере аламыз.

Зауыт мүмкіндігіне Индустрия министрлігінің өкілдері де көз жеткізді. Елді мекендерге таза су тарту және шаһарлардың кәріз тазалау қондырғыларын жаңарту жайы кезек күттірмеймін мәселенің бірі. Бұл бағытта мамандар «Эководфильтр» зауытымен бірлесіп жұмыс істейтін болды. 

Тұрар Жолмағанбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Үлкен деңгейде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі кездесуде толығымен біз көріп шықтық. Таныстық алдағы уақытта жұмыстармен. Сонымен  біздегі комитет, құрылыс комитетінің мақсаттары бар, ауыз су болсын, канализация тазалау болсын, осы кәсіпорынмен бірге жұмыс істейтін боламыз.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Э. Аюпов

Сондай-ақ...