Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 33 томдық жинақ таныстырылды

Кеңестік отарлау және саяси қуғын-сүргін жылдары елімізде 100 мыңға жуық адам діни ұстанымы бойынша қуғынға ұшырады.

Бұл жөнінде Түркістанда өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 33 томдық материалдар жинағы мен Мәриям Әбсаттардың «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» кітабының таныстырылымында айтылды.

Белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдың айтуынша, өткен ғасырдың 20-шы жылдары елімізде 10 мыңға жуық мешіт болса, соның 98-і ғана аман қалған. Қалғанының барлығын қиратып жіберген. Кейін Мемлекет басшысының жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия жасақталып, өңірлерде жұмысшы топ құрылған болатын. Олар 3 жыл бойы архивтерді ақтарып, нәтижесінде нәубет жылдарындағы ұлтымыздың қасіреті жайында 33 томдық жинақты жарыққа шығарды. Оның 3 томы Түркістан өңіріне арналады.

Гүлнар Шардарбекова, облыстық жұмысшы топ жетекшісі:

- Хазіретәлі ағамыздың «Түркістанның шерлі тарихы», Досай Кенжетай ағамыздың діндер туралы, бай-кулақтар бойынша конфиска науқаны және архивтік құжаттар. Түркістан облысы бойынша қазір біз ақатуға 5152 адамды  жіберіп жатырмыз. Оның ішінде 3090 адам бай-кулактар, 2062 адамды құқықтық ақтауға жіберіп жатырмыз.

Мәриям Әбсаттар, «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» кітабының авторы:

- Алаш зиялыларының ұсталып кеткеннен кейінгі тағдыры, яғни олар түрмеде атылып кетті. Балалры қандай күйде болды? Ұрпақтары бар ма, жоқ па? Қандай өмір сүрді? Бүгінге дейін қалай жетті? Артында қалған жарлары қалай күн көрді? «АЛЖИР-ге» айдалды ма? Айдалмаса, қалай күн кешті? Кімнен қандай ұрпақ қалды? Ұрпақ қалмаған жағдайлары қалай болды? Деген сияқты сұрақтарға жауап іздедім.