Бүгін еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылады

Биыл Қазақстанда 172 мың түлек мектеп бітіреді.

Оның ішінде 6 800-ге жуық оқушы алтын белгіге үміткер. Ал 288 мыңнан астам түлек 9-сыныпты тәмәмдайды.

Сегіз сері. Ақмола облысына қарасты Бірлестік ауылының биылғы түлектерін бәрі осылай деп атайды. Себебі сыныптағы сегіз оқушының бәрі ер бала.

Ғалия Сұлтанбек, сынып жетекшісі: 
- Мен бұл балаларымды мақтанышпен айтамын. Сегіз серім деп айтамын, сегіз батырым деп еркелетем, сегіз ержүрек ұлдарым, қолғанатым. Ұл балалармен жұмыс істеу өте қызық. Сыныбымда болашақ инженер, болашақ әртістер отыр. Әркім өзінің қалаған мамандығына түсуге дайындық жүргізіп жатыр.

Әбілмансұр Мара, 11 сынып оқушысы: 
- Мен болашақта өнер адамы болғым келеді. Актер болып, киноға түскім келеді. Одан кейін осы ауылға, мектепке спорт жағына көмектесіп, қол үшін созатын боламын.

Сегіз серінің бірі «алтын белгіге» үміткеркер болса, енді бірі үздік аттестаттан дәмелі. Жалпы биыл облыс бойынша 16 мыңнан астам оқушы жаңа өмірге қадам басады.

Жалпы республика бойынша түлек саны жағынан Шымкент қаласы көш басында. Алып шаһарда үш аусымда білім беретін 3 мектеп бар. Соның бірі - №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы. Мұнда үш мыңнан астам бала білім алады.

Нұрдәулет Шерездан, 11 сынып оқушысы: 
- Мектепте оқушылардың саны тығыз болуы бірінші кезекте бәсекелестікті арттырады. Бәсекелестік әрбір оқушыны шыңдайды. Оқушы шыңдалған сайын өмірлік қиындықтарға дайын болады деп ойлаймын. Яғни бәсекелестікке қабілетті болса, біз кез-келген қиындықты еңсере аламыз деп сенемін. Сонымен қатар мектебімізде оқушылардың саны көп болуы достарымыздың көп болуына, қолдайтын адамдардың көп болуына, сонымен қатар бір-бірімізге қол ұшын созуға да өте үлкен әсерін тигізеді.

Алмас Қайыпов, №65 №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия директоры: 
- Биыл 2022-2023 оқу жылын 236 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 8 оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер, 30 оқушымыз үздік куәлікке үміткер, 17 оқушымыз халықаралық ЖОО құжаттар өткізді. Қазір 7 оқушымызға хабарлама келді. АҚШ, Ұлыбритания, Түркия мемлекеттеріне 100% ЖОО гранттарын иеленгендігі жөнінде хабарлама келді. Бұл осы мектепте жұмыс істеп жатқан біздің мұғалімдердің қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін.

Биыл Шымкенттегі 246 білім ордасын 12 мыңға жуық оқушы тәмәмдайды. 316 оқушы үздік атынып «Алтын белгіге» үміткерлердің қатарына ілікті. Ал түлек саны өткен жылмен салыстырғанда 500 оқушыға артқан.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Нұрсұлтан Мұхамеджанұлы, Евгений Щинкоренка