Қостанайда соңғы айда қоқыс полигоны он рет өртенді

Соның салдарынан жақын маңдағы шағын аудандарды түтін жайлады.

Эпидемиолог мамандар санитарлық қорғаныс аумағын зерттеген. Олардың мәліметінше, қоқыс алаңының тұрғын үйлерден қашықтық нормасы бұзылмаған. Сондықтан полигонды көшіруге негіз жоқ. Ал экологтар оның қоршаған ортаға қаншалықты зияндығын тексеріп жатыр. 

Қазір қоқыс полигонында өрт зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы аумағы он шақты гектар жанған. Өртті толық сөндірудің жалғыз амалы үстіне қалың етіп топырақ төгу. Әйтпесе бықсыған от әп-сәтте қайта тұтануы әбден мүмкін.

Әли Самыратов, Қоқыс полигонының басшысы: 
- Кейде шыныдан өткен күн сәулесінен от шығады. Ұялы телефон батарейлары да біздің бас ауруымызға айналды. Трактормен таптаған кезде жарылып, жана бастайды. Өрт болуының басты себебі сол.

Қала ішінде бықсыған түтін мен ыс иісі әлі күнге сезіледі. Әсіресе полигонға жақын «Арман» және «Юбилейный» шағын аудандарының тұрғындары таза ауаға зар боп жүр.

Орынбасар Сәлпенова, қала тұрғыны: 
- Далаға шығып демалайын десең бір түтін. Бірдеңе жағады да жатады. Не жағатынын? Сасық иіс бір. Адамның көзін ашытады. Демалуға қиын.

Полигонның айналасындағы санитарлық қорғаныс аумағын эпидемиолог мамандар тексеріп шықты. Талап бойынша қоқыс алаңы мен тұрғын үйлер арасы бір шақырымнан кем болмауы тиіс.

Алмат Байкенов, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
- Біздің соңғы тексергенімізде ара-қашықтық 1 шақырым 250 метр болды. Бірінші денгейлі қауіптілік бойынша санитарлық қорғаныс аумағы сақталған. Сондықтан полигонды басқа жаққа көшіру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

Ал жаңа шағын аудандардың қоқыс полигонына тақау салынуын жер бөлу тәртібінің жеңілдетілуімен түсіндіреді.

Алмат Байкенов, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
- Жер учаскелерін бөлумен бұрын арнайы комиссия айналысатын. Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін ол алынып тасталды. Енді қазір сәулет және жер комитеті экономикалық тұрғыдан ғана бағалап, құрылыс мақсатына жерді анықтайды.

Қоқыс алаңында қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталғандығын экология департаменті тексеруге кірісті. Мамандар тап осы полигонда техникалық талаптардың бұзылуы бұған дейін де тіркелгенін айтады.

Қуаныш Елеусінов, Қостанай облысы бойынша бас мемлекеттік экология инспекторы: 
- 2021-ші жылы да осындай өрт болып тұрғындардан шағым түсті. Тексеру барысында сақтық ережелері бұзылғаны анықталып, 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ендігі тексеру қортындысы он күн ішінде шығады.

Яғни қандай да бір талаптың бұзылғаны анықталса, тағы айыппұл салынады. Ал түтінге тұншыққан жұрт полигонды қаладан аулаққа көшіргендігін қалайды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров