Сенатор қант өндірудің балама жолын ұсынды

Елде қант өндірудің балама әрі оңтайлы әдістерін енгізу керек.

Сенатор Әли Бектаев халыққа қажет тәтті өнімнің тек 10%-ы ғана отандық шикізаттан өндірілетініне алаңдаушылық білдірді. Ол өзінің депутаттық сауалында «Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» қайта қарап, өндірісті ұлғайтудың тетіктерін ұсынды. Депутаттың сөзінше, соңғы 20 жылда қант өндірісі 55%-ға төмендеген. Демек, салада қызылшаға ғана иек арту тиімсіз. Сол себепті әлемдік тәжірибеде бар, әрі біздің елде дамытуға болатын дәнді жүгері егіс алқабын 25 пайызға кеңейту қажет дейді. Сол арқылы ел тұтынатын 650 мың тонна қанттың жартысына жуығын қамтуға болады екен.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- Жүгері крахмалы негізінде глюкоза-фруктоза шәрбаты шығарылады және оны сусын зауыттарында, кондитер фабрикаларында, кулинарлық цехтарда қант орнына пайдалануға болады. Ол шырынның қантты алмастыру коэффициенті 1,2 құрайды. Оның үстіне дәндік жүгеріден шырынның шығымдылығы 65%, ал қызылшадан 15% ғана.