Талдықорғанда аутизмі бар балаларды оңалтатын орталық ашылды

1 маусым – балаларды қорғау күніне орай Талдықорғанда «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы» ашылды.

Ғимаратты Жетісу облыстық әкімдігі тауып берсе, оны толық жөндеуден өткізіп, еуропалық сапа талаптарына сай жабдықтауға әлеуметтік қолдау қоры арқылы 450 миллион теңге бөлген. 

Талдықорған қаласының тұрғыны Қорлан Қуан жаңадан ашылған орталыққа 6 жастағы ұлын әкеліп жүр. Баласы 3-ке толғанда дәрігерлер оған аутизм диагнозын қойған. Бұл орталыққа келіп жүргендеріне 1 ай болды. Мұнда дефектолог, логопед, психолог, кәсіби терапевт мамандар АВА терапиясына негізделген мінез-құлықты түзету әдістемесі бойынша жұмыс істейді.

Қорлан Қуан, қала тұрғыны: 
- Өте тиімді. Себебі біз осыған дейін мұндай орталықтан қызмет алу үшін Алматыға баратынбыз. Талдықорған қаласында болмағандықтан Астанаға, басқа қалаларға жүгіруге тура келетін. Оған көп шығын кететін, уақытымыз да көп кететін. Ал бүгінгі күнде осындай орталық ашылып, біздер үшін, ата-аналар үшін, біздің ерекше балаларымыз үшін өте бір ыңғайлы жағдай болып табылады.

Қорлан Қуан осы орталыққа келгелі ұлының денсаулығы біршама жақсарып қалғанын айтты. Баласына ерекше күтім қажет болғандықтан, өзі де осы мекемеге әлеуметтік педагог ретінде жұмысқа орналасқан. Талдықорғанда өткен жылы аутизмге шалдыққан балалардың саны 140 болса, биыл 200-ге жетіп қалыпты. Оның белең алуының себеп-салдарын мамандар әзірге білмейді.

Ғалия Қайырбекова, аутизмі бар балаларға арналған орталық директорының орынбасары: 
- Бұл орталыққа балалар өздері ғана емес, ата-анасымен бірге келеді. Ата-анасымен бірге келетін себебі – баланың өзін ғана емес, ата-анасын да үйрету мақсатында. Үйге қайтқан кезде ата-ана баласымен өзі жұмыс істейді, осы жерде алған тәсілдермен. Талдықорған қаласы бойынша 181 бала тіркелген. Бұл цифр осымен тоқтайды деп ойламаймын. Ол жылдан жылға көбейіп жатыр. Енді аутизмнің себебі неліктен, ол неге көбейіп жатыр, оны әлі ешкім шешіп айта алмайды.

125 орындық орталықта 52 маман қызмет көрсетеді. Олар арнайы бағдарлама бойынша кәсіби дайындықтан өткен. Қазір мұнда 47 бала тұрақты келіп жүр. Олардың арасында болашақта өнер жолына түскісі келетін балақайлар да аз емес.

Мұнда кәсіптік терапиямен қатар бейімделу және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арттерапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар бойынша арнайы сабақтар өтеді. Бұл қызметтердің бәрі халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бағыты бойынша тегін көрсетіледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев