Оқушылардың қандай зиянды әдеттерге әуес екені анықталды

Елімізде оқушылардың 10%-ы түрлі темекі өнімдеріне құмар.

13-15 жастағы жасөспірімдер арасында зиянды әдетке әуестер көбейген. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты. Сондай-ақ оқушылар арасында көру қабілетінің нашарлауы және семіздікке ұшырағандар саны да едәуір артқан. Сол себепті денсаулық сақтау министрлігі тәтті әрі газдалған сусындарға акцизді арттыру керек деп санайды.

Вячеслав Дудник, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: 
- Біздің министрлік ерекше мән беретін маңызды мәселе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік пен темекі тарту. «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында зерттеу жүргізілді. Айта кетсек, елімізде оқушылардың 10%-ы электронды темекі немесе вейп тартады. Семіздік те маңызды мәселе болып отыр. Тәтті әрі газдалған сусындарға акцизді арттыру керек. Себебі оларда қант концентрациясы өте жоғары. Бұл балалардың денсаулығына қауіпті. Қант диабеті мен семіздікке шалдығуға алып барады.