Елімізде 3,5 млн отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетілді

Биыл еліміздегі 3,5 млн отбасыға әлеуметтік жәрдемақы қарастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 25%-ке артық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, биыл 4 айда 2 млн 653 отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен өзге де төлемдерге қол жеткізген. Сондай-ақ қаңтардың 1-нен бастап бала туғанда тағайындалатын бір реттік жәрдемақының мөлшері ұлғайды. Биыл дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші сәбиге төленетін жәрдемақы мөлшері 131 мың теңге болса, төртінші және одан кейінгілеріне 217 мың теңге мөлшерінде тағайындалады.

Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға да қолдау қарастырылған. Ол бала санына қарай есептеледі. Мәселен, 4 баласы барларға жалпы 55 304 теңге төленеді. Ал 8 және одан көп болса, әрқайсысына 13 800-ден бөлінеді.

Ербол Оспанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік кодекске марапатталған аналар туралы жаңа ұғым енгізіліп отыр. Бұл ұғым көпбалалы аналарлдың еңбегін құрметтеу және мойындау ретінде өмір бойы Күміс алқа, Алтын алқамен наградталған немесе Батыр ана, І-ІІ дәрежелі Ана даңқы ордендерімен наградталған әйелдерге берілетін болады.