Абай облысында тағы бір аудан ашылуы мүмкін

Әңгіме 40 жыл ядролық сынақтың зардабын тартқан Абыралы ауданы жайында. Қазір жұрт бұрынғы аудан мәртебесін қайтаруды сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған барлық мүмкіндік бар дейді. Әкімшілік, әлеуметтік нысандар бұзылмай сақталған. Мал өсіруге жайылым жеткілікті. Тіпті кейінгі жылдары жаңа кен орындары көбейген. Алайда әкімшілік-аумақтық орналасуы тым шалғайда. Семейден 300 шақырым жерде орналасқан. Кейінгі жылдары халық саны азайып, тіпті бірнеше ауыл жабылған. Қазір небәрі алтауы ғана қалып отыр. Бұл мәселені енді арнайы топ зерделейтін болды. 

Құдайберген Тұрысбеков, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Аудан құрылса, халық болады ғой. Абыралы ауданы құрылғанда 4 мың халық болған, 13 мыңға жетті. Ауданның орталығы болған Қайнар ауылында бұрынғы мекемелердің бәрі тұр. Полицияң тұр, мектеп тұр. Прокуратура тұр. ДЭУ тұр. Мәдениет үйі, ауруханада бөлімдердің бәрі бар. Тек мамандар келсе, халық көбейсе, бәрі істеп кетеді.

Нұрлан Мақсұтов, ҚР ҰЭМ Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:

- Ұсыныстардың барлығын тыңдап, содан әрі қарай зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Содан кейін бір шешім қабылданады. Халықтың санына да қарау керек. Әр ауылдың өзінің даму әлеуеті де болуы керек. Соны да зерделеп қараймыз.