Павлодарда саяжайлар мемлекет қорына қайтарылып жатыр

Бұл жолы «Строитель» ұжымының жері құрылыс алаңына айналатын болды.

Өйткені аталған саяжай шаруашылығы жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданымен шектеседі. Қала әкімдігі көпқабатты үйлер салынатын аумақтың ауқымын кеңейтуге мүдделі.

Анатолий Головнёвтың да саяжай алқабы сүрілетін болды. Зейнеткердің салып алған үй-жайы, моншасы бар. Жергілікті билік оны бастапқыда 3 миллион теңгеге бағалапты. Алайда мұнымен келіспеген зейнеткер сот арқылы құқығын қорғап шықты.

Анатолий Головнёв, бағбан:
- Бес миллион теңгеге бағалап отыр. Біздің аудандағы кейбір саяжай алқаптары 9-дан 15 миллион теңгеге дейін барады. Бірақ оларда тұрғын үй салынған. Сол үшін қымбат.

«Строитель» саяжай ұжымының жерлері 2014 жылдан бастап мемлекет қорына қайтарыла бастады. Бұрын саяжай болған аумақта «Достық» шағын ауданы пайда болды. Қазір көп қабатты ондаған үй бой көтерген. Тағы 192 саяжай сүрілетін болды. Тамара Небольсина керісінше әкімдіктің шешімін құптайды. Жастар жағы саяжайға қызықпайды. Үлкендердің көзі кеткенде жер телімдері қараусыз қалады. Зейнеткер мемлекетке өткізіп, тезірек өтемақысын алсам дейді.

Тамара Небольсина, саяжай иесі: 
- Біз саяжайларды қайтаруға дайынбыз. Уәде бергендеріне бес жыл болды. Бұл жерге тек егде адамдар келеді. Шынымды айтсам саяжайда бәрі тозған. Үйреніп қалғаннан кейін тастап кету тағы қиын. Бос қалған саяжайлар өте көп. Егер сатып алып жатса, қуана келісер едік. 

«Строитель» саяжайын сатып алуға жергілікті билік 120 миллион теңге бөлді. Мемлекеттің қажетіне 1367 жер телімін сатып алу көзделген.

Айтолқын Қасенова, қалалық әкімдіктің сектор меңгерушісі: 
- Мемлекет мұқтажы үшін 2014-ші, 2023-ші жылдар аралығында 855 жер телімін қайтардық. Оларды бағалау нарық талабына сәйкес келеді. Орташа құны бір миллион теңгеден жоғары. Ондағы құрылыс нысандары, жер телімінің аумағы есепке алынады. 

Жоспарға сай «Достық» шағын ауданы қаланың кіре берісіне дейін созылады. Бұл келешекте инфрақұрылымы дамыған, өмір сүруге қолайлы әлеуметтік нысандармен қамтылған заманауи тұрғын үй кешеніне айналады. Мектеп, балабақша салынады. Медициналық мекемелер бой көтереді. Халқының саны шамамен 20 мыңнан асады деген болжам бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат