«Құлагер» саундрамасы Халықаралық театр фестивалінде көрсетілді

Мәскеуде Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің аясында «Құлагер» қойылымы көрсетілді.

Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы қазақ әдебиетінің жауһарын заманауи саундрама етіп ұсынды.

Бұл қойылымда жас режиссер Фархат Молдағали өмірді аламан бәйгеге теңеп, Ақан серінің жүйрік атын еркіндікке ұмтылған халықтың символы ретінде көрсетті. Туындыда Құлагер — терең психологиялық күрделі кейіпкер.

Мақсат Сәбитов, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері: 
- Құлагерді мен қайтып жазамын деген кезде Ілияс Жансүгіров: «Мен Жетісуданмын, Көкшеде болған оқиғаны қалай жазамын?» деген кезде, «Сен бұл Құлагерді ат деп қана қарама, бұл бүкіл Алаштың арыстары» деп бағытталып жазылған нәрсе. Сондықтан бұл Құлагер біздің қазағымыздың қаймақтары атылып кеткен. Құлагер бұл қазақтарымыздың өзі. Қанша алдынан кедергілер шықса да, шабуын ешқашан да тоқтатқан жоқ.

Рахман Омар, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері: 
- Қазақ жылқы мінезді ғой. Жылқы деген судың тұнығын, шөптің тазасын жейтін асыл жануар. Сондықтан да Құлагерді Фархат Молдағалидің, жалпы ұжымның таңдауы тегін емес. Сол Құлагер арқылы біз қазақтың ішкі рухын, жан дүниесін осы сахна арқылы көрсеткіміз келді.

Спектакльді «STEPPE SONS» этно-модерн-джаз тобы жанды дауыста сүйемелдеген. Олар әртүрлі аспапта ойнап, сахнадағы оқиғаға көңіл күй беріп отырды.

Фархат Молдағали, режиссер: 
- Бұл қазақ мәдениетімен таныстыру, ең бірінші. Қазақ театр өнерін әлемдік аренаға шығару жолындағы «Құлагер» — бірден-бір спектакль. Театр өнер адамдары үшін бұл әлем чемпионаты іспеттес дүние. Бұны ұйымдастырушылар таңдайды. Жан-жақтан әлемнің ен үздік деген қойылымдары келеді. Моссовет сахнасы осы фестивальдің ең үлкен, ең маңызды сахнасы. Мұнда нағыз әлемдік деңгейдегі жоғары спектакльдер қойылады.

Фархат Молдағалидің саундрама жанрының негізін қалаушы Владимир Панковтан сабақ алып, қазақ театрына тың өзгеріс әкелгені қуантты.

Михаил Швыдкой:
- Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымының осы сахнада көрсеткені біз үшін өте маңызды және үлкен мәртебе. Жасы отызда жас режиссер Фархат Молдағали қазақ әдебиетінің классикасын заманауи сахналық тілмен жеткізді. Мәскеулік көрермен жылы қабылдайды деп кәміл сенемін.

Фестиваль аясында көрсетілген спектакль мәскеулік көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров