Елордада республикалық патриоттар форумы өтті

Шараға еліміздің әр түкпірінен мыңға тарта делегат келген.

Ел атын әлемге танытып, қоғамға ерлік істерімен үлгі болып жүрген отансүйгіш қазақстандықтар марапатқа ие болды.

Көпшілікке «Ратович» есімімен танымал пианист, музыкант Темірлан Бейсенбай «Жыл патриоты» атанды. Ол Еуропа көшелері мен қазақ даласының түкпір-түкпірінде Мемлекеттік Гимнді, сондай-ақ түрлі классикалық туындыларды орындап, қошеметке бөленіп жүр. Бүгін елордада Темірлан сияқты отансүйгіш ұландар мен жүрегі елім деп соғатын қыз-келіншектер ұлықталды.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Қай аймақта, қай сала бойынша өзіміздің патриоттарымыз бар. Өте көп. Солардың еңбектерін ұлықтау мақсатында осындай жасалып жатқан қадамдар деп айтуға болады. Сондықтан да осы шараға абыздарымыз келіп отыр. Марапат иелерін өзі марапаттайды. Сол үшін осылай ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз деген ойдамыз.

Жыл патриоттарының қатарында алматылық Мағзұм Төреш те бар. Ол басқаратын стартап жоба жемісін беріп, 5 000 адам жұмыспен қамтылған. Тұрақты қызмет емес, десе де студенттер мен бос уақыты көп азаматтардың нәпақа табуына жәрдемдесіп жүр.

Мағзұм Төреш:
- Біздің қосымша арқылы бос уақытында жұмысқа шығып, біз олардың атынан салық төлейміз. Зейнетақы шотына ақша жібереміз. Бүгінгі таңда біз 70 млн жуық зейнетақы қорына салық төлегенбіз.

Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар да ұмыт қалмаған. Түркиядағы зілзаладан кейінгі іздеу-құтқару жұмыстарына біздің батырлар да аттанды. Арасында Гринпис есімді мына ит те бар. Ол қасіретті апаттан аман қалған 3 адамды тауыпты. Кинолог Александр Адамбаев жұмысының осылай бағаланатынын күтпегенін айтады

Александр Адамбаев, кинолог:
- Зілзала салдарын жоюға психологиялық тұрғыда дайын болып бардым. Бірақ ол жақтағы көрініс ауқымдырақ еді. Ит үшін де, өзің үшін де, отбасың үшін де алаңдайсың. Әрине, итім үшін көбірек уайымдадым. Алғаш рет сырт елге ұшып бардық, қауіпті аймақта жұмыс істедік. Жараланып қалуы мүмкін еді. Бірақ қазір жағдайы жақсы. Бүгінгі құрметке ризашылығымды білдірем. Қазақстан Республикасына қызмет етемін.

Дәстүрлі шараның Рәміздер күні қарсаңында өткізілгені бекер емес. Бұл жыл бойы қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай еңбек еткен еріктілер, дәрігерлер, бизнес өкілдері, ғалымдар мен білім саласының майталмандары, спортшылар сияқты нағыз патриоттардың мерекесі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дәурен Жұрхабаев

Сондай-ақ...