Ұлытау облысында спорт нысандары салынады

Ұлытау облысында спорттың кенжелеп қалған түрлерін дамытуға басымдық беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаражал қаласында үлкен теннис корты салынып ел игілігіне жұмыс істей бастады. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан. Әзірше бұл – жергілікті тұрғындар бір мезгіл теннис ойнап жаттығатын облыстағы жалғыз нысан. Қазір аймақтық турнирлер ұйымдастырылып жатыр.

Бұл – Ұлытау облысынның теннис құмар тұрғындары жиналатын жалғыз корт. Пайдалануға берілген күннен бері ойын алаңы босамайды. Жуырда өңірде алғаш рет теннистен турнир ұйымдастырылып спорт сүйер қауым бір серпіліп қалды. Тұрғындар тарапынан үлкен тенниске сұраныс артқандықтан жергілікті билік тағы бір алаң салуды жоспарлап отыр. 

Владимир Полищук, спорт ардагері:

- Үлкен теннис корты пайдалануға берілген күннен-ақ қызығушылық танытқан тұрғындар саны артып келеді. Тіпті онымен кәсіби түрде айналысатындар да бар. Жақында ұйымдастырылған қалалық біріншілікке 50-ден астам спортшының қатысуы – соның дәлелі. Бұл жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен сеп болды.

Қаражал дзюдо мектебінің жетістігін жұрт біледі. Бірнеше Азия чемпиондары шыққан. Ал спорттың өзге түрлері бойынша әлі де атқаратын жұмыс көп. Себебі өткен ғасырдан жеткен орталық стадион енді ғана жөнделіп жатыр. Қалалық бюджеттен бөлінген 800 миллион теңгеге спорт нысаны толығымен жаңғыртылады. Бұл жерде футболдан бөлек, волейбол, баскетбол алаңдары бой көтереді. Жаттығу залдары салынады. Жөндеу жұмыстары жоспар бойынша алдағы қараша айында аяқталады.

Досбол Құлымбетов, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары:

- Қала бойынша осындай алаңдар жоқ. Сондықтан халыққа, жастарға арналған жоба деп білеміз. Жұмыстар негізі 2021 жылдың аяғында басталған болатын. Құрал-сайман, жабыдақтардың бағасының өсуіне байланысты былтырдан осы жылға дейін корректировка жүрді. Қазіргі таңда корректировка бітті, жұмыстар жалғасын тауып жатыр.

Үлкен футбол алаңы стандартқа сай жаңғыртылады. Бұл республикалық деңгейде жарыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазір Қаражал жастарын іріктеп футбол командасы жасақталған. Стадион құрылысы аяқталған соң жаттығу басталады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.