Атыраулықтарды экология мәселесі алаңдатады

Сәуір айының басында қолқаны қабатын сасық иіс тұрғындарды әбден әбігерге салған.

Осыған қатысты бейбіт митинг өтіп, Үкіметке тиісті талаптар жеткізілген. Бірақ проблема әлі күнге дейін жөнді шешімін таппай келеді.

Бұл мәселе бас ауруына айналғалы қашан. Қала іргесіндегі өндірістік кәсіпорындардан келетін зиян көп. Теңіздің тартылуынан ауа сапасы да нашарлады. Тұрғындар: «апаттың алдын алып, мәселені дереу шешсе екен», - дейді.

Атырау облысы аймағының тұрғындарына қазірден бастап аудандық коэффицент төленуі керек өтемақысы ретінде. Халық әбден қырылып болғаннан кейін барып, болашақта бірдеңе беріледі деп емес, қазір төленуі керек.

Әуелден де мәз емес қой өңдірісті өңір болғаннан кейін. Ауаның ластануы деген мәселелер кездесетін еді. Оның үстіне қазір теңіздің тартылуы салдарынан сортаң топырақтың ауаға таралуы жиі кездесіп тұрады.

Қаладағы зауыттар бар. Оның арғы жағында қамыс өртенсе түтін. Одан қалса қаланы қоршай тұрған қоқыс алаңдары, қоқыс полигондары.

Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған өңірдің тұрғындарын мазалайтын мәселе Парламент қабырғасында да көтерілді.

Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жыл сайын өңірде онкологиялық аурулар белең алып, мүмкіндігі шектеулі, туа бітті науқас балалар саны артып отыр. Ашынған атыраулықтар бейбіт митингке шығып, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар мен Үкіметке нақты талаптарын қойды. Үкімет жауапты министрліктермен бірлесіп, Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, экологиялық коэффицент, жеңілдіктер мен өтемақылар жүйесін енгізу қажет.

Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың жауабында Атырау өңірін төтенше экологиялық жағдай аймағы деп тану үшін арнайы комиссия құрылатыны айтылған. Қазгидрометтің мәліметінше биыл ауаның күкіртсутегімен ластануы бойынша 93 жағдай тіркеліпті. Оның 61-і облыс орталығында. Ал былтыр экология департаменті 241 заң бұзушылықты анықтады. 230 әкімшілік іс қозғалып, 306 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Арман Хайруллин, табиғат жанашыры:
- Бізде негізгі ластаушылар ол – сарқынды су алаңдары, «Квадрат», «Сасық сай». Одан кейін АМӨЗ, одан кейін солтүстік өнеркәсіптік аймақ, қазандықтар, одан бөлек, теңіздің қайраңынан ұшқан шаң, қамыс өрті секілді осындай қала халқының Атыраудан көшуіне қарай ойландыратын мазалағыштар бар.

Облыста соңғы уақытта туу көрсеткіші 10 процентке төмендеді. Қан айналым жүйесі бойынша сырқаттану 10,1 пайызға өскен. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайлардың экологияға қатысы барын, не жоғын анықтай алмай отыр. Ол үшін ғылыми зерттеу қажет. Бірақ басқарманың мәліметінше адам өлімі көрсеткіші төмендеген.

Жанар Садуова, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы өлім 31 пайызға төмендеді. Туберкулезден болатын өлім 20 процентке, сырқаттану деңгейі 7,6 процентке азайып отыр. Ал былтыр қатерлік ісіктен көз жұмғандар саны едәуір төмендеді. Онкологиялық ауруға шалдығу деңгейі 3,2 процентке азайған.

Экология департаментінің мәліметінше өндірістік кәсіпорындардан өзге қаланың оң және сол жағалауындағы булану алаңдарының әсері мол. Бұл мәселе дереу шешілмесе, атыраулықтар экологиялық апатқа ұшыраймыз деп алаңдайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин