Электрлі самокаттарға сұраныс азайды

Қазақстандықтардың көбі электрлі самокаттарын сатып жатыр.

Сарапшылардың сөзінше, биыл сәуір мен мамыр аралығында жеңіл көлік құралдарының дүкендердегі саудасы 23%-ке төмендеген. Жаппай сатылымға не себеп?

Шамамен 2 апта бұрын мәжіліс электр самокаттардың қозғалысын реттейтін жаңа тәртіпті қабылады. Енді жаңашылдықты Сенат мақұлдаса, тротуарлар арқылы самокат иелері 6 км/сағат жылдамдықпен ғана жүре алатын болады. Ал көлік ағынымен ілесу үшін арнайы шлем мен жарық шағылыстыратын киім кию міндеттеледі. Тағы жүргізуші куәлігі де болу талап етіледі.

Желмен жарыса жүйіткейтін самокатшыларды тәртіпке келтіретін жаңашылдық түрткі болды ма белгісіз, әйтеуір сарапшылар онлайн жарнама сервистерінде осы көлік түрінің сатылып көбейгенін аңғарған. Тауар құны да 5%-ға қымбаттапты. Су жаңа электросамокаттың орташа бағасы 140 мың теңге тұрады. Қолдан алсаңыз 30 мыңға арзан шығады. Бірақ, тауарға деген сұраныс төмен дейді сарапшылар. Бұл құбылысты мамандар тәртіпті қатаңдатумен байланыстырып отыр.

Әнуар Жүсіпов, сарапшы:
- Бұның басты себебі – жаңа заң жобасы деп есептеймін. Себебі көптеген адамдар электр самокаттарға қатысты жаңалықты БАҚ беттерінен оқып алып, жаңашылдық күшіне енді деп ойлауда. Сондықтан олар бұл көлік түрін пайдаланудың тиімділігі жоқ деген пікір қалыпатастырған.

Ал каршерингтік компанияның негізін қалаушы Мейрамбек Әбілқасов бұған жаңа заң жобасының түк қатысы жоқ деген пікірде. Оның айтуынша, халық жалға алу әдетіне көше бастаған.

Мейрамбек Әбілқасов, Каршерингтік компанияның негізін қалаушы:
- Әрбіріміздің бала кезімізде велосипеді күшті, әрі әдемі көршіміз болатын. Барлығымыз соны кезектесіп тебетін едік. Қазіргі каршерингте дәл сол секілді. Өйткені қазір сіз 300-400 долларға бір өзіңіз ғана міну үшін электро самокат аласыз. Оны әрдайым қуаттап отыру қажет. Сақтайтын орын керек. Сынып қалса, жөндеуге қосымша ақша қажет. Ал уақытша жалға алатын болсаңыз бұның барлығына бас қатырмайтын боласыз.

Қазір электро самокаттар нарығында ірі 4 компания жұмыс істейді. Енді бұл бизнес жаңа тәртіпке бағына ма деген орынды сұрақ туындайды.

Әнуар Жүсіпов, сарапшы:
- Менің ойымша бұл заң осы көлік түрін пайдалануға тыйым салуға бағытталған. Жаңа тәртіптің салдарынан бизнес біраз зардап шегеді. Ал шерингке келер болсақ, бұл нарық Қазақстанда жабылады деп ойлаймын. Себебі, 1 мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Яғни, осы самокаттарды пайдаланатын курьерлер арзан көліктен қағылады. Сондықтан Сенат бұл заң жобасын мұқият зерттеп, ешкім зардап шекпейтіндей шешім қабылдауы тиіс.

Айта кеткен жөн, қазір Парламент қабырғасында жылдамдығы сағатына 50 км-ден асатын электро самокаттардың елге әкелуге тыйым салу мен шектеу жағы қарастырылуда. Демек, бұл нарықта алдағы уақытта түбегейлі өзгерістер болады.

Авторы: Риат Шони