Қасым-Жомарт Тоқаев түлектерге офицерлік шен табыстады

Бүгін Мемлекет басшысы Астанадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде ту көтеру рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды әуелі мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, қастерлі нышандарымызды құрметтеу - әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтті. Салтанатты рәсім барысында қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты, оқу орындарын үздік бітірген12 түлекке офицерлік шен тапсырылды.

Көк байрақ, Елтаңба, һәм әнұранда жұртты ұйыстыратын құдыретті күш бар. Әсіресе әнұран шырқалғанда кеудеңді ерекше сезім кернеп, жүрегіңде от лаулап қоя береді емес пе?!

«Туың жығылмасын» деген бабадан қалған баталы сөз бар. Ой жүгіртсең, өте салмақты, мағыналы тілек. Шынында, байрағың биік тұрса - рухың асқақ, басың тік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Күллі әлем Қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды.

Үш нышан қашанда қастерлі. Ендеше осы бір құндылықтарды құрметтеу - әрбір азаматтың перзенттік парызы. Анығында Отанды сүю деген осыдан басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз.

Ту көтеруден соң Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы әскерилерге офицерлік шен табыстады. Мұндай рәсімді елдегі ең биік байрақтың түбінде өткізу дәстүрге айналған.

Қорған Қонысбайұлы, @korgantore:
- Қанаттары қатайған қырандар бүгін үлкен өмірге самғады. Мемлекет басшысының қолынан 12 азамат алғашқы әскери шен алды. Бұлар қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері және ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты оқу орындарының түлектері.

Жоғарғы Бас қолбасшыдан әскери шен алған 12 түлектің арасында Дана Бақтиярова есімді жалғыз қыз бар. Ішкі істер министрлігіне қарасты Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын үздік дипломға тәмамдады. Енді тергеу болады.

Дана Бақтиярова, Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі, лейтенант:
- Біздің Қарағанды академиясы екі түрлі мамандықтағы адамдарды дайындайды. Яғни тергеуші және криминалист. Қыз бала болып, қанша ер жігіттің арасында осындай қызметте жүру мен үшін қанша қиын болса да бірақ, осы елімнің, жерімнің мақтанышы болу үшін осы мамандыққа келген болатынмын.
- Жұмысыңыздың қаншалықты қиын екенін, жауапкершілікті сезініп тұрсыз ба?
- Әрине, біз үшін тергеуші ол адамның тағдырын шешеді. Яғни тергеушінің лауазымы өте қиын.

Қиынына қарамай, иығына ауыр жүк артқан азаматтың бірі Ербағлан Полатов. Осы күні М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан түлеп ұшты. Президенттен шен алған мына қолдарымен енді адам өмірін құтқаруға міндетті.

Ал Дәулет Досбосынов қорғаныс министрлігі сапында ел қорғауға ант етті. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген, оған енді аса жауапты һәм құпия қызмет жүктеледі. 

Дәулет Досбосынов, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі, лейтенант:
- Қандай маман болып шықтыңыз?
- Әскери киберқауіпсіздік. Қазіргі таңда барлық әскери құрылымда бұл кеңінен қолданылатын мамандық болып есептелінеді.

Президент жас түлектерге сәттілік тілеп, батасын берді. Ал Мемлекет басшысын жиналған қауым ыстық ықыласпен шығарып салды. Көптің арасында көк тудың желбірегені әнінің авторы да бар. Алмас Ахметбекұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа орайлы сәтте кітабын да тарту етті.

Осылайша бүгін тағы бір топ азамат офицер атанды. Отанға адал болуға ант берді. Енді бұлардың алдында елге қызмет қылу деген жауапты да мәртебелі міндет тұр.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев