«Kazakhmys Energy» компаниясына 27 млн теңге айыппұл салынды

Жезқазған мен Балқаш қалаларындағы жылу электр орталығын басқаратын «Kazakhmys Energy» компаниясына 27 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын 600-ге жуық заң талаптарын бұзған. Облыстық прокуратураның тексеріс нәтижесі осындай. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін қос қаланы жылумен қамтитын стратегиялық нысанға жеткілікті деңгейде инвестиция салынбаған. Компания тек ішінара ақауларды жоюмен шектелген. Қазір Жезқазған жылу электр орталығы 60%-ке дейін тозған. Соның салдарынан өткен жылу маусымында бірнеше апат тіркелді. Желтоқсан айының басында небәрі 3 қазандықпен қалған кездер болды.

Дәурен Ешанқұлов, облыстық прокуратураның басқарма басшысының орынбасары:

- Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 27 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұлдар салынды. Бүгінгі таңда 21 млн-ға жуық айыппұлдар өндірілді, қалғаны өндірілу сатысында.