Шымкентте қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған өзбек азаматы сотталды

Шымкентте қару-жарақ дүкеніне қарақшылық шабуыл жасап, екі күзетшіні жаралаған шетел азаматына қатысты сот үкімі шықты.

Ол қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 1973 жылы туған Өзбекстан азаматы қылмысқа баруына қаржылық қиындық себеп болғанын айтқан. Оның бұған дейін Ресейде кісі өліміне қатысты сотталғаны белгілі болды.

Самиддин Темірәлиев, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Басқа адамның өіміріне қауіпті тәсілмен және қорқытып алушылықпен ұштасқан, адам өлтіруге оқталған қылмыстармен айыпталып, оған түпкілікті 15 жылға жаза тағайындалды. Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейтін болады.